ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

24

Бүгін Түркістан қаласында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу мәселесіне арналған арнайы жиын өтті. Жиынға қала прокуроры Кәукен Нәрікбаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, прокуратура мен полиция басқармасының өкілдері, әкімдік қызметкерлері, мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесі мен зиялы қауым мүшелері қатысты. Прокуратура деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың алғашқы алты айында интернет-алаяқтыққа қатысты 85 қылмыстық іс тіркелген. 2021 жылдан бері мұндай қылмыстардың жалпы саны 406-ға жетіп отыр. Бұл жағдай интернет алаяқтарының әрекеті жылдан-жылға күрделеніп, көбейіп келе жатқанын көрсетеді.

Жиын барысында қала прокурорының орынбасары О.Мусаев, полиция басқармасы өкілдері Е.Оралбаев пен Ж.Жақай баяндама жасап, интернет алаяқтықтың кең тараған түрлері мен тұрғындардың жиі алданып қалатын тәсілдері туралы нақты мысалдар келтірді.
Мәселеге талдау жасай келе, тұрғындардың цифрлық қауіпсіздікке селқос қарауы – басты қауіптердің бірі екені айтылды. Осыған орай, қала әкімі ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және құқық қорғау органдарымен бірлесе профилактикалық шаралар жүргізуді тапсырды.

Түркістан қалалық мәслихаты барлық тұрғындарды интернет кеңістігін пайдалануда барынша сақ болуға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін еске саламыз.