ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ЖҮЙЕСІ ЖАЛҒАСАДЫ

22

Түркістан облысы цифрландыруды барлық салаларда — білім, медицина, коммуналдық қызметтер, қоғамдық көлік — жүйелі түрде енгізуде. Инфрақұрылым кеңейту, мемлекеттік қызметтерді онлайн өзгерту, білім беру мен қауіпсіздік жүйелеріндегі технологиялық жаңалықтар мен жаһандық серіктестіктер осы процесті одан әрі нығайтуда. Осы бағытта Түркістан облысында «Smart city» жобасы жүзеге асырылып келеді.

Бүгінгі таңда жауапты министрліктің бекітуімен «Ақылды қала» бастамасы 19 негізгі бағыттан тұрса, Түркістан қаласы бойынша оның 11-і іске асырылған. Қалған 8-ін жүзеге асыру бойынша қалада «ақылды аялдамалар» салу, «ақылды жарықтандыру» жүйесі енгізу, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын (оның ішінде электр энергиясы, жылу және сумен жабдықтау жүйелерінде) «ақылды есептегіштермен» қамту, қала тұрғындары коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін бірыңғай есеп айырысу орталығын құру, облыстық ахуалдық орталығын құру, қала ішінде контейнерлік алаңдарды цифрландыру, қала үшін бірыңғай мобильді қосымша әзірлеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осыған байланысты, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы Түркістан қаласында «Ақылды қала» бастамаларын жүзеге асыру бойынша жол картасы әзірлеген.