ЖАУ ЖОҚ ДЕМЕ, ЖАР АСТЫНДА

Шымкент қаласының «3-Энергоорталық» АҚ мекемесі аумағында арнайы республикалық оқу-әдістемелік оқу жаттығу өтті. Аса маңызды нысандарды қорғау бағытындағы әдістемелік жиын барысында аумақтық қорғаныс саласына жауапты құрылымдар бірлескен тактикалық іс-қимылдарын пысықтады. Іс-шара Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары – Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы, генерал-майор Асқар Жоламановтың жетекшілігімен өткізілді.
Іс-шараға облыс және қала әкімдерінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілері, жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармаларының басшылары, өңірлік қолбасшылықтардың аумақтық әскерлері бөлімдерінің бастықтары мен аумақтық қорғаныс бригадаларының командирлері, жалпы 80-ге жуық адам қатысты.
Жиын шеңберінде Шымкент қаласының резервтегі аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы мен басқа да жергілікті құрылымдық күштер тарапынан ерекше тактикалық эпизодтар көрсетілді. Сценарийге сәйкес, күзету мен қорғауға алынған аса маңызды стратегиялық нысанға қауіп төнген жағдайда оны қорғау және тойтарыс беру шаралары ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу барысында төтенше сипаттағы дағдарыстық жағдайларға ден қою және төтенше жағдай режимінде әрекет ету механизмдері пысықталды. Сонымен қатар, мүдделі мемлекеттік органдар арасындағы байланыс, хабарлау және ақпараттық өзара іс-қимыл жүйелері тексерілді.
Жағдайды барынша жауынгерлік форматқа жақындату арқылы күштік құрылымдар диверсиялық-террорлық актілердің алдын алу, олардың салдарын азайту және жою бойынша жаттығулар өткізді. Арнайы мақсаттағы бөлімшелер жарылғыш заттарды анықтау және залалсыздандыру, шартты диверсанттарды табу және бейтараптандыру, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету дағдыларын шыңдады.
Шымкент қаласы аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Бақытжан Әшімовтің айтуынша, оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – стратегиялық маңызы бар объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіп төнген жағдайда жедел әрекет ету механизмдерін жетілдіру және азаматтық пен әскери құрылымдардың өзара іс-қимылын нығайту.
Кезекті жаттығуға Шымкент қаласының резервтегі аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерімен қатар, мамандандырылған күзет басқармасы, полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және денсаулық сақтау саласының өкілдері жұмылдырылды.
ҚР Қорғаныс министрлігінің жоспарына сәйкес, 1-4 шілде аралығында Шымкент қаласында еліміздің аумақтық қорғаныс құрылымдары арасында оқу-әдістемелік жиыны өтті. Бұл іс-шара Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының биылға арналған жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Оның аясында аса маңызды нысандарды қорғау бойынша практикалық оқу-жаттығу, спорт жарыстары да ұйымдастырылды.
Аумақтық қорғаныс саласындағы өзара үйлесімділікті арттыру, жұмылдыру дайындығын жетілдіру, сонымен қатар, әскери-патриоттық тәрбие мен салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат тұтқан оқу-әдістемелік жиынның маңызы зор. Өңірлік қолбасшылықтар аумақтық әскерлері бөлімдерінің басшылары және аумақтық қорғаныс бригадалары командирлері арасындағы волейбол жарысы да тартысты өтті.
Айта кетсек, мамыр айында Шымкент қаласындағы №50120 әскери бөлімінде әскери міндеттілердің арнайы оқу-жаттығу жиындары қорытындыланды. Шымкент қаласы бойынша аумақтық қорғаныс әскерлерінің арнайы тактикалық оқу-жаттығу жиынына әскери міндетті 118 азамат қатысты. «Ақтас» оқу-жаттығу полигонында өткен он күндік жиында республикалық маңызы бар қаланың әскери және мемлекеттік объектілерін жауынгерлік үйлестіру, күзету мен қорғауды ұйымдастыру мәселелері пысықталған болатын.
Оқу-жаттығу жиыны барысында әскери міндеттілер жауынгерлік дайындықтарын жетілдіріп, атыс әдістері мен ұрыс әрекеттерін меңгерді. Сонымен қатар, жаңа тактикалық әдістер мен заманауи әскери жаттығуларды игеруге мүмкіндік алды. Мұндай жиындар әскерилердің дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Және әскери міндеттілердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге, оған қоса аумақтық қорғаныс негіздерін нығайтуға ықпал етеді.
«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»