ҚАЛА ӘКІМІ «ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ҚАЛАШЫҒЫНЫҢ» ЖӘЙ-КҮЙІМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан – тарихи мұра мен патриоттық рухтың ордасы. Бүгінде Түркістанда жүзеге асып жатқан іргелі жобалар тарихи мұра мен патриоттық тәрбиені ұштастырып келеді. Соның бірі – қолөнершілер қалашығының салынуы. Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында бой көтеріп жатқан «Қолөнершілер қалашығы» кешенінің құрылыс барысымен танысты. Жобаның жалпы аумағы 2,3 гектарды құрайды, ал құрылыс жұмыстары 1,5 гектар аумақты қамтып отыр. Туристік және мәдени бағыттағы бұл кешен 8 негізгі функционалды бөліктен тұрады. Мұнда 20 шеберхана, 2 шоурум, көрме залы, мейрамхана, қонақүй және өзге де қажетті инфрақұрылымдар қарастырылған. Сонымен қатар, өңірлік ерекшеліктер мен тұтынушылар сұранысына сәйкес арнайы брендтік каталог әзірленіп, соның негізінде ұлттық кәдесыйлар нарыққа шығарылатын болады. Қала әкімі құрылыс нысанын аралау барысында бұл қалашық қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін дәріптейтін әрі отандық және шетелдік туристер үшін тартымды мәдени орталыққа айналуы тиіс екенін атап өтті. Сала мамандарына құрылысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтап, мазмұндық тұрғыдан да жоғары деңгейде ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, 21–23 тамыз аралығында Түркістан қаласында халықаралық деңгейдегі ауқымды мәдени шара – «ТҮРКІСТАН – ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ҚАЛАСЫ» халықаралық фестивалі өтеді.
Фестиваль аясында келушілерге ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарының кең көлемді көрмесі, түрлі этнос өкілдерінің ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, жастарға арналған автофестиваль, әуе шарлары шоуы, әсерлі от шоу (Fire Show) және жанды музыкалық қойылымдар ұсынылады. Сондай-ақ, отбасылық демалысқа арналған түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Фестиваль 21–23 тамыз күндері Түркістан қаласындағы Мәдени-рухани орталықта өтеді.
Түркістан – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін, халқымыздың рухани, тарихи және саяси орталығы. Бұл қасиетті қала – ұлттық тұтастықтың символы, қазақ хандығының астанасы, әрі елдік пен ерліктің киелі мекені. Аталған жоба ұлттық өнерді жаңғыртып қана қоймай, жастарды отансүйгіштікке, еңбекке және ұлттық мәдениетті қастерлеуге тәрбиелеуге бағытталған. Қолөнершілер қалашығында ата-бабамыздан жеткен киіз басу, зергерлік, ағаш және сүйек ою, тері илеу, кестелеу сияқты дәстүрлі өнер түрлері қайта жаңғырады. Бұл — патриотизмнің тірі көрінісі, яғни өз тарихын, өнерін құрметтеу арқылы туған елге деген сүйіспеншілікті нығайтудың бірегей жолы. Жоба аясында қолөнер шеберханалары, көрмелер мен ұлттық стильде безендірілген мәдени алаңдар бой көтеруде. Бұл орын – жергілікті шеберлер мен жастар үшін шығармашылық алаң ғана емес, сонымен қатар рухани жаңғыру мен ұлттық тәрбиенің орталығы болмақ. Түркістан – тек көне қала емес, жасампаз болашақтың да қаласы. Ал қолөнер – сол болашаққа ұлттың тарихын, рухын және патриоттық сезімін аманаттайтын көпір.