Түркістан – ынтымақ пен бірліктің темірқазығы

19

Қазақ халқы ежелден татулық пен бейбітшілікті, бауырмалдық пен бірлікті ұлттың ұлы мұраты деп білген. Ел ішіндегі тұрақтылық пен ынтымақ – мемлекет дамуының берік іргетасы. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан қаласының тарихы мен бүгінгі жаңғыруы елдегі ұлттар мен ұлыстардың бейбіт өмір сүруіне, дінаралық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға ерекше үлес қосып келеді. Түркістан – тек рухани астана ғана емес, ұлтты ұйыстырған тарихи мекен. Сан ғасырлық тарихында бұл шаһар түркі жұртының мәдени, саяси, діни орталығы ретінде халқымыздың бірігуіне, ынтымақ пен тұтастықты ұлықтауға қызмет етті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан бұл қасиетті мекен – тек қазақ халқына емес, күллі түркі әлеміне ортақ құндылық. Осы құндылықтар айналасында халықтың санасы қалыптасып, ел ішіндегі татулық пен өзара сыйластық салтанат құрды.

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Түркістан қаласы жаңа тыныс алып, даму жолына түсті. Көптеген әлеуметтік, мәдени, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып, қала бүкіл Қазақстан халқының басын біріктіретін, рухани жаңғырудың орталығына айналды. Жаңа мәдени кешендер, білім беру мен денсаулық сақтау мекемелері, заманауи сәулет үлгісіндегі ғимараттар – мұның бәрі ұлттың бірлігін көркем бейнелейтін нышандарға айналып отыр. Түркістанда өтетін халықаралық және республикалық деңгейдегі іс-шаралар, форумдар мен мәдени фестивальдер – әртүрлі этнос өкілдерінің, дін мен ұлттың өкілдерінің бір-біріне деген құрметі мен сыйластығын арттырып, елдегі ішкі тұрақтылықтың сақталуына сеп болуда. Мәселен, жыл сайын ұйымдастырылатын “Рухани жаңғыру”, “Түркістан — Түркі әлемінің рухани астанасы”, “Қазақ елінің бірлігі – мәңгілік елдің тірегі” сынды шаралар жастарды бірлікке, елжандылыққа тәрбиелеп, рухани құндылықтарды жаңғыртуда.

Сондай-ақ, Түркістан қаласында ашылған “Бірлік үйі”, Достық үйлері мен этно-мәдени орталықтар этносаралық келісімді нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Бұл мекемелерде түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті дәріптеліп, ортақ шаңырақ астында тату өмір сүруге үндейтін игі жобалар жүзеге асырылуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: “Бірлік пен келісім – еліміздің басты құндылықтарының бірі. Біз осы баға жетпес игілігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз қажет,” – деп атап өткен болатын. Бұл қағиданы Түркістан халқы өмірлік ұстаным ретінде қабылдаған. Түркістан – елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналған ерекше мекен. Бұл қасиетті қалада өмір сүріп жатқан әр азамат қоғамдағы келісім мен татулықты сақтауға өз үлесін қосып келеді. Түркістанның жаңғыруы мен дамуы – еліміздегі бірлік пен ынтымақтың нақты көрінісі. Бүгінгі Түркістан – өткен мен болашақты жалғайтын, халықты біріктіретін киелі орда. Осы береке мен бірлік барда Қазақстанның болашағы да жарқын болмақ.

Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Бұл – бүкіл ел үшін тарихи оқиға. Ассамблея осы уақыт ішінде қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтып, бірлік пен тұрақтылықтың символына айналды. Этносаралық қатынастар саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Бұл жайында бүгін Ассамблеясының 34-ші сессиясына қатысқан Мемлекет басшысы айтты. Оның сөзінше, кейінгі жылдары жүргізілген реформалар институт қызметіне жаңа серпін берді. Сенаттағы бес депутатты Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл – этностар мүддесін заңнамалық деңгейде қорғауға жол ашты. Сонымен қатар алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылып, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жатыр – деді, Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: — Ассамблея сессиясы жыл сайын өтеді. Онда қабылданған шешімдерді мемлекеттік органдар міндетті түрде ескеруге тиіс. Сессиялар аралығындағы жұмысты Ассамблея кеңесі атқарады. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер мен әкімдер кіреді. ҚХА Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады. Барлық өңірде Достық үйі бар. Онда мыңнан астам этномәдени бірлестіктер орналасқан. Сондай-ақ облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру. Мысалы, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып, ауқымды жұмыс жүргізуде.