БІЛІМ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ — ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһар аумағында күрделі жөндеуден өтіп жатқан бірқатар білім беру мекемелерін аралап, құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысты.
Сапалы білім беру инфрақұрылымын қалыптастыру және жаңа оқу жылына толық дайындықты қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қала басшысы ерекше назар аударып, сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Алдымен, С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатында болып, сала мамандарына нысандағы құрылыс үдерісін жүйелі жүргізіп, сапа стандарттарын қатаң сақтау керектігін, жоспарлағандай уақытылы аяқталуы қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ, №9 Некрасов атындағы жалпы орта мектептің де құрылыс жұмыстарын аралады. Оқушыларға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, жауапты мекемелерге нысанды жаңа оқу жылына дейін толық, заманауи жабдықтармен, талапқа сай дайындауды тапсырды.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталып, бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 38 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 33 мектеп – екі ауысымда, 5 мектеп – бір ауысымда білім береді. Ал 4 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
