Шымкентте ветеринария саласы цифрландырылады
Бүгінгі күні цифрландыру жүйесі әлемнің барлық елдерінде жоғары деңгейде дамығаны сөзсіз. Бұл ретте еліміздің жаһандық цифрлық экономикада алар орны да ерекше.
Осы тұрғыда Шымкентте қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бастамасымен «Ветеринария саласын цифрландыру» жобасы қолға алынбақ. Онда салаға қатысты көрсетілетін мемлекеттік қызметтер автоматтандырылады.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының айтуынша, салаға цифрлық технологияларды енгізу жүйесі басталып та кеткен. Жобаның тиімділігі сол, бірінші кезекте тұтынушыларға қызмет көрсету сапасы артады, кері байланыс реттеледі және қызметкерлердің жұмыс тиімділігі жүйеленеді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда кезең-кезеңімен іске асырылып жатқан жобада алдағы уақытта:
— өтінім беруді автоматтандыру;
— ауыл шаруашылығы жануарларын цифрлық бiрдейлендiру;
— ветеринариялық кадрларды даярлау;
— тәжірибеде қолдану;
— IТ саласының бағдарламашылары ойластырған жаңа логотипті енгізу сынды мәселелер көзделуде.
Бұл жоба іске қосылған жағдайда қала тұрғындары үйден шықпай-ақ электронды өтінім беруіне, рәсімдеу процесін жеңілдетуге, сондай-ақ ең бастысы уақытты үнемдеулеріне үлкен мүмкіндік туады. Жоба жыл соңына дейін дайындалып, қосымша ақпарат ұсынылатын болады.