ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-КОРЕЙ «WOOSONG UNIVERSITY KAZAKHSTAN» ІТ УНИВЕРСИТЕТІ АШЫЛДЫ

14
▪️Түркістан қаласында ІТ мамандарын даярлайтын «Woosong University Kazakhstan» жоғарғы оқу орны салтанатты түрде ашылды. Оқу ордасының ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Чжо Тэ Ик, «Woosong Education Foundation» білім беру қорының құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Ким Сон Кёнг арнайы қатысып, көпшілікті университеттің ашылуымен құттықтады.
▪️Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ел дамуында маңызды рөл атқаратын игі істің жүзеге асуына атсалысқан барша серіктестерге алғыс білдірді.
📌– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Нәтижесінде, 1,5 жыл бұрын Түркістан облысы әкімдігі мен Корея Республикасының «Woosong» білім беру қоры арасында жаңа университет ашу бойынша меморандумға қол қойылды. Ал, бүгінгі сәт – жаңа оқу орнының ашылуы ғана емес, халықаралық серіктестікке негізделген сапалы білім берудің бетбұрыс кезеңі. Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер және оларды шешу» атты биылғы Жолдауында аталғандай, еліміз толыққанды цифрлық мемлекетке айналуды көздеп отыр. Түркістанда ашылып отырған шетелдік университет дәл осы Президентіміз белгілеген стратегиялық бағыттың нақты іске асуының айқын дәлелі. Ерекше мәртебеге ие болған қасиетті Түркістанды білім мен ғылымның орталығына айналдыру – мемлекетіміздің басты мақсатының бірі. Бүгінгі салтанатты іс-шара – сол мақсаттың айқын дәлелі. Студенттерге ғылыммен айналысып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер ашылды. Баршаңызды «Woosong University Kazakhstan» университетінің ресми ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! – деген Нұралхан Оралбайұлы оқу ордасынан білікті мамандар шығатынына сенім білдірді.
▪️Мәртебелі меймандар мен іс-шараға қатысушылар универсиетті аралап, оқу бөлмелерімен танысты. Студенттермен кездесті. Мұнда студенттерге барлық жағдай жасалған. Арнайы оқу құралдары және жабдықтармен қамтылған.
▪️Қонақтар «Тілектер кітабына» ізгі ниеттерін жазып, қол қойды. Тарихи сәттің құрметіне көпшілік назарына облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Сонымен қатар Корей елінен келген студенттер мен Түркістан жастары бірге би композициясын орындады.
▪️Түркістан облысы әкімдігі әрдайым жастарды қолдауға, сапалы білім мен ғылымға баса назар аударып келеді. Осы мақсатта облыс әкімдігі тарапынан университетке 100 грант бөлініп, олардың басым бөлігі өңір жастарына берілді. Білім ордасының 2000 студентке дейін қабылдауға мүмкіндігі бар. Қысқа мерзім ішінде ашылған бұл жаңа оқу орнына республика бойынша үлкен қызығушылық байқалып отыр. Биыл осы университетте білім алуға Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан 400-ге жуық талапкер құжат тапсырған.