ШЫМКЕНТТЕ «УЧАСКЕ» ЖЕДЕЛ-ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

16

Шымкентте «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz. Шымкент қаласында учаскелік инспекторлар тұрғындармен жедел байланыс орнату мақсатында заманауи коммуникациялық арналарды белсенді пайдалануды жалғастыруда. Мессенджердегі ортақ чаттар арқылы тұрғындар қоғамдық тәртіп бұзушылықтар туралы тікелей хабарлай алады. Бұл бастама өз тиімділігін көрсетіп, қоғамдық тәртіпті күшейтуге бағытталған «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында кеңінен қолданылып келеді. Мысалы, тұрғындардың бірі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерге құрылыс қалдықтарының заңсыз тасталғаны туралы чатқа хабарлама қалдырған. Учаскелік инспектор бұл мәліметке жедел әрекет етіп, құқық бұзушыны анықтады. Құқық бұзушы құрылыс қалдықтарын арнайы орынға шығарып тастады. Тұрғындар учаскелік инспектордың жедел әрі тиімді жұмысына ризашылығын білдірді. Тәртіп сақшылары мұндай шаралар халықтың сенімін арттырып, құқықтық тәртіптің нығаюына ықпал ететінін атап өтті. «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Оның аясында полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс атқарып, қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы – қоғамдағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық қорғау органдарының халықпен тығыз байланысын арттыру мақсатында ұйымдастырылатын кешенді жұмыс.
Іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген аумақтарда тұрғын үйлерді, кәсіпкерлік нысандарды, білім беру және әлеуметтік мекемелерді аралап, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Сонымен қатар, есепте тұрған тұлғалар, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен мас күйінде жасалатын қылмыстар ерекше бақылауға алынады.
Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындардың полицияға деген сенімін арттыру және қоғамдық тәртіпті сақтау.
«Учаске» акциясы азаматтар мен полиция арасындағы өзара серіктестікті нығайтып, әрбір адамның қауіпсіз ортада өмір сүруіне мүмкіндік береді.