ДІНДЕГІ ТАТУЛЫҚ – ТЫНЫШТЫҚ ТІРЕГІ

82

Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекеттің барлық салаларында, оның ішінде дін саласында ашық және айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен саясатты араластырмайтындығын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеу емес, ол – мемлекеттің діни нормалармен емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуын білдіреді.

Дегенмен, діннің мемлекеттен бөлек болуы мемлекеттің діни қатынастардың дамуына мүлдем бей-жай болуы керек деген сөз емес. Зайырлы мемелекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысы мен тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Мемлекет пен діннің арасындағы байланыстар зайырлы және рухани-діни құндылықтардың арақатынасы негізінде орныққан.

Еліміз әрбір адамның діни сенім бостандығы құқығын құрметтейтін демократиялық, зайырлы мемлекет. Азаматтар діни сеніміне қарамастан тең құқылы. Бұл көпұлтты, көпконфессиялы болуымыздың басты жемісі.

Дін – мемлекеттік саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі маңызды факторлардың бірі. Ол тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, рухани қағидалар жүйесі.

Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 5-тармағында: «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дінді ұстанушылар қадір тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді»,-деп атап көрсетілген.

Осы мақсатта мемлекеттік саясаттың басты құндылығы саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету болғандықтан, жергілікті атқарушы органдардың негізгі жұмысы адамдардың өмірін жайлы және қауіпсіз, олардың құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондықтан, мемлекеттің дін саласындағы саясаты әрбір қазақстандық үшін түсінікті және айқын болуы қажет. Дін саласындағы басты басымдық – кез келген радикалды ағымдарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, мемлекеттің зайырлылық принциптерін нығайту болып табылады.

Қоғамның тұрақтылық сипаты мен деңгейі және оның саяси жүйесі құндылық билігін қабылдау мен үйренуге негізделеді. Егер қоғам олардан бас тартса, онда қоғамның саяси жүйесі тұрақсызданады. Сондықтан саяси тұрақтылықтың бірі – діни толеранттылық.

Осылардың негізінде мемлекет зайырлығының ең маңызды қырларының бірі – қоғамда рухани құндылықтардың дамуына үлкен қолдау көрсететіндігі. Себебі зайырлылық руханият ұғымының құрамына тек діннің ғана емес – өнер, ғылым, әдебиет, тіл, дәстүр, мораль, құқық және т.б. құндылықтар кіретіндігі дәлел.

Қорыта айтқанда, дін мен мемлекет байланыстары адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу және қорғау аясындағы мемлекет пен діннің өзара ықпалдасуы деуге болады. Демек, біздің қоғамымыз үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға жауап бере алатын дін мен мемлекет қарым-қатынасын нығайтуға оң ықпал ету басты міндет болып табылады.

Көпконфессиялы Қазақстан үшін тұрақтылықты сақтаудың жалғыз жолы – зайырлы мемлекет. Мұндай мемлекеттің принциптері діндерді сақтандыруға және оны пайдалана отырып сананы алдап-арбауға жол бермейді. Яғни, қоғамдағы тыныштық пен татулықтың тапжылмас тірегі – зайырлылық деп толық негізде атап көрсете аламыз.

Г.Бекжан