САЛЫҚ ӘДІЛДІГІ – ЖЕКЕ ТАБЫС ПЕН ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІҢ ТҰРАҚТЫ НЕГІЗІ

14

Жаңа Салық кодексі азаматтардың табысына салынатын салық жүйесін жеңілдетіп, әділдік қағидатын күшейтті. Енді табыс деңгейіне қарай прогрессивті мөлшерлеме қолданылады:

жылдық табысы 35 млн теңгеге дейінгі азаматтар – 10%, ал бұл сомадан жоғары табысқа – 15% салық төлейді.

Жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар (адвокат, нотариус, медиатор және т.б.) үшін мөлшерлеме – 9%. Бұрынғы дивидендтерге берілетін жеңілдіктер жойылып, енді олар 5% және 15% ставкалармен салық салынады.

Әлеуметтік бағыттағы өзгерістер де ауқымды. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар тұлғалар үшін шегерім көлемі 882 АЕК-тен 5000 АЕК-ке дейін ұлғайды. Бұл – әлеуметтік әділеттілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Сонымен қатар, оқу, ипотека, емделу және көпбалалы отбасыларға берілетін жеке жеңілдіктер орнына бірыңғай стандартты шегерім енгізілді. Оның шекті көлемі ай сайын 30 АЕК болып бекітілді.

Жаңа жүйе салық төлеуді жеңілдетіп қана қоймай, азаматтардың нақты табысына сай әділ жүктеме орнатуды көздейді. Бұл реформа әлеуметтік теңдік пен орта тапты қолдаудың жаңа тетігіне айналады.

Салық әділдігі – мемлекет пен азамат арасындағы сенім мен тұрақтылықтың негізі. Әрбір азаматтың және кәсіпкердің заң бойынша салық төлеуі – елдің дамуына, әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуына және қоғам әл-ауқатының артуына үлес қосады.

Әділ салық жүйесі – барлық адамдар үшін тең мүмкіндік пен жауапкершілікті қамтамасыз ететін тетік. Яғни табысы көп адам көбірек, ал табысы аз адам өз мүмкіндігіне қарай салық төлейді. Бұл – әлеуметтік әділдік пен экономикалық теңгерімділіктің көрінісі.

Салық әділдігі сонымен қатар ашықтық пен адалдықты талап етеді. Мемлекет жиналған қаражаттың қайда жұмсалатынын ашық көрсетіп, азаматтарға нақты нәтиже ұсынуы тиіс. Ал азаматтар өз кезегінде салық төлеу арқылы елдің өркендеуіне үлес қосады.

Салық әділдігі сақталған елде экономика дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарады, қоғамда жауапкершілік пен сенім артады.