ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 31 КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

19

Шымкент қаласында халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар биыл да жоғары темппен жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қолжетімді тұрғын үйлердің құрылысы кеңейіп, қала инфрақұрылымы жаңа көпқабатты үйлермен толығуда.

Құрылыс басқармасының мәліметінше, бүгінде қалада 57 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы ауданы 283,5 мың шаршы метрді құрайтын 3 592 пәтердің ішінен жыл соңына дейін 2412 пәтері бар 31 үйдің пайдалануға берілуі жоспарланған.

Қазірдің өзінде 972 пәтерлі 12 үйдің құрылысы толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне тапсырылды. Оның ішінде Ақжайық шағынауданында – 5 үй, Бозарық шағынауданында – 7 үй қолданысқа берілді. Қалған 19 үйдің құрылысы да жоспарға сай жүріп, жыл соңына дейін аяқталмақ.

Берілетін баспаналар «Отбасы банкі» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға үлестіріледі. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде 89 678 адам тіркелген. Олардың ішінде 1 780 – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 17 842 – көпбалалы отбасылар, 11 286 – толық емес отбасылар.

Қалада жүргізіліп жатқан бұл ауқымды құрылыс жұмыстары тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге үлкен серпін беріп, шаһардың әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр.

Халықты баспанамен қамтамасыз ету – мемлекет дамуының маңызды әлеуметтік бағыттарының бірі. Қолайлы әрі қауіпсіз тұрғын үй әр азаматтың өмір сапасын арттырып қана қоймай, қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқатына тікелей әсер етеді.

Мемлекет тарапынан тұрғын үй мәселесін шешу үшін түрлі бағдарламалар жүзеге асырылады: әлеуметтік пәтерлер беру, жеңілдетілген ипотекалық жүйелер, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған арнайы қолдау шаралары. Бұл бастамалар халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, жаңа тұрғын үй кешендерін салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және құрылыс сапасына қойылатын талаптарды күшейту де маңызды рөл атқарады. Қолжетімді баспана – азаматтардың тұрақты өмір сүруіне, отбасылық жағдайын жақсартуға және экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Халықты баспанамен қамтамасыз ету – тек мемлекеттік саясаттың ғана емес, жалпы қоғамның дамуының негізгі көрсеткіші. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс еліміздің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, болашаққа сенім қалыптастырады.