КЕЛЕСТЕ ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

6

Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында аудан тұрғындары тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, олардың әрқайсысы бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Атап айтқанда, Абай ауылында тұратын тұрғындар үй салуға жер алу, тұрғын үй маңына рұқсатсыз жол салу мәселелерін көтерсе, Біртілек ауылдық округінен шаруашылық жүргізуге арналған жер телімдерін заң талаптарына сәйкестендіру және жалпы жер даулары бойынша өтініштер түсті. Сонымен қатар, Жүзімдік және Ошақты ауылдық округтерінің тұрғындары ауыл шаруашылығы жерлері, ағын су, канал қазу, жол және электр бағаналарына қатысты мәселелерді ортаға салды.

Көтерілген барлық мәселелер бойынша тиісті ауылдық округ әкімдеріне, ауданның жер қатынастары бөліміне, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне заң талаптарына сәйкес зерделеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Әр өтініш иесіне Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес белгіленген мерзімде жазбаша жауап жолдау міндеттелді. Сонымен қатар, атқарылған жұмыстар мен қабылданған шаралар туралы аудан әкімі аппаратына мерзімінде ақпарат беру қажеттігі нақты көрсетілді.

Сүлеймен Нұрланұлы азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары назардан тыс қалмайтынын, әрбір мәселе заң аясында жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданатынын атап өтті.