ҰШҚЫН ЕЛДІ МЕКЕНІ АУЫЗ СУМЕН ҚАЙТА ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ

6

Қошқарата ауылдық округінің аумағында орналасқан Ұшқын елді мекенінде ауыз сумен қамту мәселесі оң шешімін тапты. Бұған дейін Келес өзені арқылы өтетін көпірдің құлауына байланысты зақымданған су құбыры желісі толық жөнделіп, қазіргі таңда ауыл тұрғындарына ауыз су қалыпты режимде берілуде.

Жөндеу жұмыстары барысында «Дарбаза» ТСЖ-ның су құбыры жүйесі қайта қалпына келтіріліп, техникалық қауіпсіздік талаптарына сай нығайтылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елді мекендегі тұрғын үйлерге ауыз су үздіксіз жеткізілуде.

Жөндеу кезеңінде тұрғындарды ауыз сусыз қалдырмау мақсатында уақытша су тасымалдау ұйымдастырылып, 136 тұрғын үйге арнайы автокөліктер арқылы ауыз су жеткізіліп отырды. Қазіргі уақытта бұл қажеттілік жойылып, ауыл толықтай орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.

Жауапты мекемелер тарапынан жүргізілген жедел әрі сапалы жұмыстардың арқасында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды мәселе шешімін тапты. Ауыз су жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.