«ҚЫС–2025» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ӨТТІ

9

2025 жылдың 27 қарашасы күні Мақтаарал ауданында қысқы маусымға дайындықты тексеруге арналған «Қыс–2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Бұл шара Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары З.Жолдасовтың 06 қарашадағы №39/12986 хатына сәйкес ұйымдастырылды.

Оқу-жаттығуға ауданның азаматтық қорғау қызметтері, төтенше жағдайлар бөлімшелері, коммуналдық мекемелер, медициналық жедел көмек және құқық қорғау органдарының мамандары қатысты. Жаттығуды Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков арнайы бақылап, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Шара барысында қысқы маусымда туындауы мүмкін төтенше жағдайларға дайындық тексерілді. Атап айтқанда:

— авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру,

— автожолдардағы қысқы жағдайларға әрекет ету,

— тұрғындарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау,

— жылу жүйелеріндегі ақауларды жою,

— медициналық жедел көмектің жұмыс алгоритмін орындау,

— коммуналдық қызметтердің дайындық деңгейін тексеру.

Оқу-жаттығу қызметтердің өзара үйлесімді жұмысын арттырып, қыс маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шараларды бекітуге мүмкіндік берді. Мақтаарал ауданы әкімдігі мұндай жаттығулардың маңызды екенін атап өтті.