Еліміз ерекше күтімді қажет ететін жандардың жағдайын жасауға барын салып келеді

44

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше қолдау көрсетіліп келеді. Тағдырдың сынына ұшыраған жандарға тек материалдық көмекпен шектелмей, оларға рухани демеу көрсетіп, ортаға бейімдеу аса маңызды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында да айтып жүр.  Қоғамның мұндай мүшелеріне Түркістан қаласында да көмек көрсетіліп келеді. Аталған азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты жәрдем түрлері қарастырылған. Салаға жауапты мамандардың сөзіне сенсек Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар сегіз мыңнан аса  азамат бар. Оның ішінде 5390-на оңалтудың жеке бағдарламасы түзілген.

Аталған азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты жәрдем түрлері қарастырылған. Оның ішінде, 271 азамат протез ортопедиялық құралдар, 106- сурдо техникалық, 275 тұрғын тифло техникалық құралдар алса, 255- і арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етіледі.  Одан бөлек, мүгедектігі бар 401 азамат жеке көмекші қызметіне жүгінсе, 95-і ымдау тілі маманы қызметімен қамтамасыз етілген.  Биылғы жылы шипажайға емдеуге 632 адам жолдама алса, 1477 азаматқа міндетті гигиеналық құралдар берілген.  Ал, автокөлікпен тасымалдау үшін 7 инватакси 2 әлеуметтік такси қызмет көрсетеді. Бүгінге дейін инватакси қызметін ерекше қажеттілігі бар 143 азамат, әлеуметтік такси қызметін 8 зағип жан қолданған. Ерекше қажеттілігі бар тұрғындарды жұмыспен қамту үшін шаһарда биыл 77 квота бөлінген. Бүгінде аталған квота аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Еліміз ерекше күтімді қажет ететін жандардың жағдайын жасауға барын салып келеді. Атқарылатын, іске асуға тиіс жұмыс әлі де көп. Жаңа заңдар мен түзетулер міндетті түрде олқылықтарды ескере отырып, оларды жоюға бағытталуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамның тең және ажырамас бөлігі ретінде қарайтын қоғам құра білу басты міндет. Ерекше күтімді қажет ететін жандар қабылданған шаралар мен атқарылатын әрекеттерге байланысты өздерін қоғамның сенімді бөлігі ретінде сезініп, физикалық және психологиялық кедергілерді сезінбеуі қажет. Бұл Жаңа Қазақстанның да басты міндетінің бірі.