Ерекше қажеттілігі бар жандар қамқорлықтан сырт қалмайды

50

Түркістан облысының тұрғындарының назарына ерекше күтімді қажет ететін жандарға жан-жақты қолдау көрсету аса маңызды екендігі жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Облыста ерекше балалардың онлайн білім алып, бейімделуіне барлық жағдай жасалған.  Оларға кедергісіз орта қалыптастыру қажет. Бұл жұмыс мүмкіндігі шектеулі жандар ғана емес, қарт кісілер және балалар үшін де өте маңызды. Сондықтан әкімдік қаладағы әлеуметтік нысандардың бәрін осындай жандардың қажеттілігіне бейімдеуі керек. Бүгінде еліміздің әр аймағында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Ірі қалалардан бөлек, облыс орталықтары мен шағын аудандарда да ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға жағдай жасалған.

Жаратылыста адамның бәрі бірдей. Дегенмен, оның мүмкіндігі әртүрлі. Қазір Жер шарындағы түрлі себептерге байланысты өмірге келген сәбилердің туабітті дерттерге шалдығуы жиілеп барады. Сондықтан, әлеуметтік қорғау саласында «мүмкіндігі шектеулі азаматтар» деген жаңа термин қалыптасты. Біріккен Ұлттар Ұйымы да бұл мәселеге аса мән беріп, 1992 жылы Бас Ассамблея шешімімен «3 желтоқсан – Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні» деп белгілеген еді.

Әрине, тумысынан өмірдің азабын тартқан мүгедек жандарға қоғамның назарын аудару – басты парыз. Ең алдымен, олардың адамгершілігі, құқықтары мен амандықтары сенімді қорғалуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда өзіндік қабілетін жан-жақты дамытып, көрсете білуіне Қазақстан Республикасы толық мүмкіндіктерді қарастырған. Адам құқығын қорғаудың негізгі ұстанымы да осы. Ерекше жандар да қоғамның бір мүшесі. Тағдырдың мұндай ауыртпалығына олардың еш айып-кінәсі жоқ. Мәдениетті, парасатты жандар мұны жақсы түсінуге тиіс. Ал, инклюзивті қолдау сыныптары – республикада жаңадан қолға алынған тың жоба, ерекше жандардың қоғаммен қарым-қатынаста болуы үшін құрылған.