АПТАЛЫҚ АППАРАТ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

6

Бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында кезекті апталық аппарат мәжілісі өтті. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округтерінің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде әлеуметтік-экономикалық даму, қысқы маусымға дайындық, төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Жиында алдымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай «Жыл қорытындысымен бюджеттік болжамды игеруі және индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы туралы» баяндама жасап, бюджеттік жоспардың орындалуы мен негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталды.

Келесі мәселе бойынша Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Досжан Майлыбеков пен аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Есбол Қасымбеков қыс-көктем кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.

Мұнан соң ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Мұраділ Кизбаев орындаушылық тәртіптің орындалу барысы жөнінде баяндама жасап, ведомстволық құжат айналымының сапасын күшейту бағытындағы шараларды атап өтті.

Сонымен қатар, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Саттар Нәлібай тұрғын үйлерді жөндеу, жылыту маусымының өтуі, елді мекендерді газдандыру және «Таза Қазақстан» акциясының орындалу секілді мәселелер бойынша хабарлама жасады.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жандандыруды тапсырды.