ҚҰМКЕНТТЕ ЖАБЫҚ ҮЛГІДЕГІ КІШІ ФУТБОЛ АЛАҢЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бүгін Құмкент ауылында заманауи талаптарға сай салынған жабық үлгідегі кіші футбол алаңының құрылысы аяқталып, ел игілігіне ұсынылды. Спорт нысанының ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ауыл тұрғындары мен жастарды жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады.
«Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Спортқа қолжетімділік артып, ауылдарда осындай сапалы инфрақұрылым саны көбейіп келеді. Бүгінгі ашылып отырған нысанда ауыл жастары спортпен шұғылданып, үлкен жетістіктерге жетеді деп сенеміз», – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев құттықтау сөз сөйлеп, ауданда спорттық инфрақұрылым жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын атап өтті. Ауыл қариясы, спорт ардагері Амантай Қожабеков нысанның ауыл жастарына берер игілігі мол екенін айтып, игі іске ұйытқы болған азаматтарға ризашылығын білдірді.
Жаңа спорт алаңы барлық стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда ойыншыларға арналған киім ауыстыратын бөлмелер, жарықтандыру жүйесі, жасанды төсеніш төселген футбол алаңы, қауіпсіздік қоршаулары қарастырылған. Нысан аумағы толықтай асфальтталып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, биылғы жылы Құмкент ауылдық округінде 5 балалар ойын алаңшасы мен 1 ересектерге арналған шынығу алаңы салынды. Жыл соңына дейін округке қарасты Қызылкөл елді мекенінде 2 ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Шу, Тасты, Жуантөбе, Жартытөбе ауылдарында да дәл осындай спорт нысандары бой көтеруде. Жақын күнде бұл нысандар да ел игілігіне табысталады.







