ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ШАЛҒАЙ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА АРНАЛҒАН «ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» АКЦИЯСЫ ӨТУДЕ

5

Түркістан облысы прокурорының бастамасымен және Төлеби ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен ауданның ең шалғай елді мекендерінің бірі – Қаратөбе ауылдық округінде Қасқасу, Тасарық және Жоғарғы Ақсу ауылдық округтерінің тұрғындарына құқықтық көмек көрсету мақсатында «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – таулы аймақта тұратын азаматтардың құқықтық қолжетімділігін арттыру, өзекті мәселелерін жедел қарау және құқықтық сауаттылығын күшейту. Акцияға аудан прокуроры Дабыл Аянұлы, аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғалымжан Қуашбаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай, аудандық дербес бөлімдер мен мекеме қызметкерлері, сондай-ақ адвокаттар, нотариустар және сот орындаушылары қатысты. Мамандар тұрғындардың түрлі бағыттағы сұрақтарына жауап беріп, құқықтық кеңес ұсынды.

Көшпелі қабылдау барысында жер дауларына қатысты құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тараптардың құқықтары мен міндеттері тарқатылды. Сонымен қатар әлеуметтік сипаттағы мәселелер – ауыз су жүйесін жақсарту, электр желілерін жаңарту және елді мекендегі түнгі жарықтандыруды ретке келтіру жөніндегі ұсыныстар қаралды. Тұрғындар көкейіндегі өзге де тұрмыстық сұрақтар бойынша сала мамандарынан жан-жақты түсініктеме алды.

Прокуратура өкілдері мұндай қабылдаулар халықтың мәселесін жергілікті жерде тыңдап, оны шешуге бағытталған тиімді формат екенін атап өтті. Акция қорытындысымен бірнеше мәселе бақылауға алынып, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Шалғай ауыл тұрғындары көрсетілген құқықтық қолдау үшін ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. «Халық заңгері» жобасы алдағы уақытта ауданның басқа елді мекендерінде де жалғасын табатын болады.