ТӨЛЕБИ АУДАНЫ: «АЛТЫН КҮЗ – 2025» МЕРЕКЕСІ АЯСЫНДА АГРАРЛЫҚ ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ЕҢБЕККЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

5

Төлеби ауданында ҚР «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» мерекесіне орай дәстүрлі «Алтын күз – 2025» мерекелік іс-шарасы өтті. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Қайратұлы сала еңбеккерлерін құттықтап, аграрлық сектордағы жетістіктерді баяндады.

«Бүгінгі таңда шаруаларымыз еліміздің өсіп-өркендеуіне және өңіріміздің әл-ауқатын көтеруге үлкен үлес қосуда. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ауыл шаруашылығы саласы нығайып, өңір экономикасы тұрақты дамып келеді. Еңбекке деген ықыластарыңыз бен жерге деген жанашырлықтарыңыз – халқымыздың ырысы мен берекесінің негізгі қайнар көзі. Ауданымыздың аграрлық саласын жаңа бағытта дамыту жолында сіздермен бірлесе отырып, тың жетістіктерге жететінімізге сенімім мол. Өңір экономикасын дамыту жолында бірлесе еңбек етіп, жаңа белестерді бағындыра берейік», деді құттықтау сөзінде Бауыржан Қайратұлы.

Ауданда 10 айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 45,4 млрд теңгені құрады: өсімдік шаруашылығы – 21,8 млрд, мал шаруашылығы – 23,5 млрд теңге. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 4,1 млрд теңге, тамақ өнімдері өндірісіне – 1,1 млрд теңге болды. 2025 жылы егілген егіс көлемі 62,2 мың гектар, астық өнімділігі 33,4 мың тоннаны құрады.

Салада 55 мал бордақылау алаңы, 16 жанұялық сүт фермасы, 7 шағын құс фермасы ашылды. «Fish House» ЖШС 500 млн теңге инвестициямен балық өсіру жобасын іске қосты. Су шаруашылығында каналдар тазаланып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ветеринариялық қызмет 8 ауруға қарсы екпе жасап, бруцеллезге тексеру жүргізді.

Ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет Грамотасы», Түркістан облысының және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, арнайы дипломдармен марапатталды. Мерекелік шара барысында аудан өнерпаздары шаруалар құрметіне концерт ұйымдастырды.