МЕКТЕПТЕРГЕ МОНИТОРИНГ ЖАСАУ ЖАЛҒАСАДЫ

160

Азаматтық қоғамды қалыптастыру – мемлекетіміз үшін маңызды бағыттардың бірі. Бұл іске «Шымкент қаласының Азаматтық альянсы» қоғамдық бірлестігі де өз үлесін қосып келеді. Альянстың бұл бағытта қолға алған шараларының бірі – бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуына қоғамдық бақылауды қалыптастыру бағыты.

Осы орайда бірлестік 2023 жылдың 12 сәуірінде қоғамдық бақылаумен айналысатын «Азаматтық бастамалар» жобасын іске асыруға кіріскен еді. Елімізде алғашқы болып қолға алынған бұл идеяны қуана құптағандар көп болды. Мысалы, қазақстандық парламентаризмді дамыту қорының басшысы Зәуреш Баталова бұл идеяны бүкіл Қазақстан бойынша таратуды ұсынды. Егер Үкіметтік емес ұйымдар ынтымақтаса әрекет етсе, бұл бағытта көп жұмыс бітіруге болады деген сенім бар.
Шымкент қаласының Азаматтық альянсы қолға алған «Азаматтық бастамалар» жобасының жұмыстарын үйлестіріп отыру үшін «Қазақстандық қоғамдық бақылау институты» жеке мекемесі құрылды. Арнайы екі топ жасақталып, қаланың білім саласындағы мемлекеттік тапсырыс пен қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бөлуіне мониторинг жасауды бастап кетті.
Жалпы, мемлекеттік бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге қатысты арнайы ережелер, тиісті есеп берулер бар болғанымен, олар қаржының дұрыс жұмсалуын толықтай қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан бұл салада жіберіліп жатқан кемшіліктер, заң бұзушылықтар өте көп. Бюджеттен бөлінген қаржының кей тұстарда мақсатсыз жұмсалып, талан-таражға түскен оқиғалары жүздеп-мыңдап саналады.
Ал, бұлай жалғаса бермеуі үшін барлық салада заң талаптары, бекітілген ережелер, тәртіп сақталынуы тиіс. Мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалуына нақты тосқауыл қоюдың ең бір дұрыс жолы – азаматтардың мемлекет өміріне белсенді түрде атсалысуы, соның ішінде қандай да бір салаға бағытталған қаржы жайында біліп, мемлекеттік тапсырысты ұтып алғандардың жұмыс сапасын, қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалауға қатысуы. Егер азаматтар осыны түсінсе, осыған атсалысса, онда қоғамымызда көп нәрсенің жақсы жағына қарай өзгерері даусыз. Ол үшін жұртшылықты бұған жалықпай үйрету керек.
Осы орайда Шымкент қаласының Азаматтық альянсы азаматтарды мемлекет ісіне белсенді түрде араласуға оқытуға кірісті, қоғамдық бақылау іс жүзінде басталып кетті. Бұл бағытта жүргізілген аз ғана жұмыстың өзі көп кемшілікті анықтап берді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша маңызды салаларға қаржы бағыттауда, оны бөлу мен игеруде толып жатқан кемшіліктер, заң бұзушылықтар бары белгілі болды.
Мысалы, өткен жылдың қараша айында Шымкент қаласының бірқатар мектептеріне мониторинг жасалғанда анықталған жайларды алайық. Қоғамдық бақылау тобы мектеп асханалары азық-түлікпен қалай қамтамасыз етіліп, оқушыларға тамақтың қалай беріліп жатқанына, пәндік кабинеттердің дұрыс жабдықталуына назар аударды, бұған қатысты мемлекеттік сатып алудың жүргізілу сапасына мән берді. Осы зерттеулер кезінде кей мектептерде роботтық техника үшін сатып алынған жабдықтардың қолданылмай, қорапта тұрғаны, ноутбуктердің алынғалы бері тиісті бағдарламамен қамтамасыз етілмей тұрғаны белгілі болды. Бірқатар пән кабинеттері мен зертханалардан да жол берілген кемшіліктер анықталды.
Осы зерттеу нәтижесінде жүйелі түрде жіберілген кемшіліктерге, сәйкессіздіктер мен қателіктерге қатысты 19 қорытынды жасалды, оларды түзету үшін 7 ұсыныс берілді. Бұған қатысты түзілген құжат қалалық білім басқармасына жіберілді. Қоғамдық бақылаудың қажеттілігін түсінген басқарма басшысы Н.Шәмшиева алдағы уақытта мұндай кемшіліктерді жібермеу үшін мемлекеттік тапсырысты орындаушыларға бақылауды күшейтуге уәде берді.
Дегенмен,мектеп асханаларын азық-түлікпен қамтамасыз ететін кәсіпкерлерге қоғамдық бақылау тіпті ұнай қойған жоқ. «Құқымыз бұзылды, заңсыз тексеруге ұшырадық» деп шу көтерді.
Осыдан соң оларды «Атамекен» палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі кеңес қолдап шықты. Бұл тұрғыда Кеңес «Қоғамдық бақылау жөніндегі» Заңға жасалған түзетулер әлі де күшіне енген жоқ» дегенді алға тартты.
Ал, қоғамдық бақылаушылардың әрекеті тіпті де заңсыз емес еді. Атап айтқанда, Конституцияның 33-бабында ел азаматтарының мемлекет істерін басқаруға атсалыса алатыны жөнінде нақты айтылған. Қоғамдық бақылауға, сондай-ақ, Президентіміздің 2022 жылғы қыркүйектегі Жарлығымен қабылданған «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы» да құқық береді. Осы Тұжырымдаманың 5.6. тармағына сәйкес, Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтарға бюджет қаражатын жұмсаудың қоғамдық мүдделер үшін теріс салдарын анықтау мақсатында қоғамдық мониторинг жүргізу құқығы берілген.
Қоғамдық бақылау ХІ Азаматтық форумның ұсынымдарын іске асыру жөніндегі Үкіметтің 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына да сәйкес келеді. Бұл құжаттың бірінде мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың қызметіндегі кейбір тәуекелдер жөнінде де айтылған.
Яғни қоғамдық бақылаушылар ешқандай да заңды бұзған жоқ. Дегенмен кәсіпкерлерге қатысты осы даудың кезінде қос үкіметтік емес ұйым – Шымкент қаласының Азаматтық альянсы мен «Атамекен» палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі кеңес бірі әшкерелеуші, бірі қорғаушы ролінде бой көрсетті десек болады. Ал қоғам мұны қалай түсінеді? Кейбіреулер біздің бірлестікті кәсіпкерлерге жөнсіз соқтыққан бәлеқор сияқты көрді, нақ солай көрсетуге күш салғандар бар. Тіпті кейбіреулер ашық қысым көрсетуге де тырысты.
Негізінде Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамда анықталған проблемаларды бірлесіп шешкені дұрыс болар еді. Азаматтық қоғамда солай болуы тиіс. Үкіметтік емес ұйымдар ел мүддесі жолында өзара ынтымақтаса отырып жұмыс жүргізуі керек. Өкінішке қарай, әзірге мүдделер бірлігі туралы айтуға ертерек сияқты.
Ал, біз қоғамдық бақылау бойынша қолға алған жұмысты, атап айтқанда, қаладағы мектептерге қатысты мониторингті жалғастырамыз. Сондай-ақ қоғамның әлсіз топтарына санаторий-курорттық емдеудің қолжетімділігін, жол құрылысы бойынша жекелеген жобаларды мониторингтеуді ойластырудамыз.
Негізі қоғамдық бақылауға қатысуға көпшілік мүдделі болуы керек, қоғамда орын алып жатқан кемшіліктерге немқұрайды қарамай, оларды жоюға атсалысу қажет. Сонда қоғамдық бақылау нақты күшке айналады. Сонда ғана қоғамда кез келген заңсыз істерге, тәртіпсіздіктерге, қылмысқа төзбеушілік қалыптасады.
Біз қоғамның түрлі топтарын осы ортақ іске бір кісідей атсалысуға шақырамыз. Біздің Шымкент қаласындағы Бейбітшілік» көшесі, 3 (4-қабат) мекенжайында орналасқан қоғамдық бақылау институтында тегін оқытулар жүргізіледі, оған қаланың кез келген тұрғыны келіп қатысуына болады. Тек аздаған шектеулер бар: адам өз ісіне жауап бере алатын, наркологиялық және психиатриялық диспансер есебінде тұрмайтын, сотталған болса, жаза мерзімін заңды өтеп шыққан болуы тиіс.
Мұнда заңгерлер, түрлі сала бойынша сарапшылар сабақтар жүргізіп, азаматтарға өздерінің конституциялық құқықтарын қорғауға көмектеді.

Жұмағали БІЛІСБЕКОВ,
«Шымкент қаласының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар
бірлестігінің төрағасы