ТҮРКІСТАНДА  ҮШЕМ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

242

Қаламыздың тұрғыны 28 жастағы Қымбат Сарыбайқызы, Раяна, Рәзия және Рәбия есімді үшемді дүниеге әкеліп, алты баланың анасы атанды. Бүгінде анасының және сәбилердің жағдайы жақсарып, облыстық перинаталды орталықтан шығарылды.

— Қазір үш қыздың жағдайы бір қалыпты. Алдағы уақытта да жағдайларын қадағалап, тұрақты түрде бақылап отыратын боламыз, — деді перинаталды орталықтың бас дәрігері Гүлбану Жұмағалиқызы.

«Керемет сезім, ештеңе айта алмаймын, қатты қобалжып жүрмін. Бүкіл перзентхана дәрігерлеріне алғысым шексіз. Құдайға шүкір, жолдасым мен енем жанымда болды. Қазір үйде бүкіл отбасым күтіп отыр, өте қуаныштымын. Болашақта тағы балаларым болады деп ойлаймын», — деп Қымбат әсерімен бөлісті.

Қала әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы көпбалалы отбасыға қала әкімнің құттықтауын жеткізіп, арнайы сыйлықтарды табыс етті. Жалпы, жыл басынан бері Түркістан қаласында 3740 нәресте туылса, оның 16-ы егіздерді құраған.