ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ АЗАТТЫҚ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

0

Түлкібас ауданына қарасты Азаттық ауылында заманауи дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бұған дейін 5 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекен халқы медициналық көмекті талапқа сай келмейтін ескі ғимаратта алып келген болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа медициналық нысан ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтады.

Жаңа дәрігерлік амбулатория қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған. Мұнда фильтр-бөлме, әйелдер кабинеті, егу және емшара бөлмелері, қабылдау, физиотерапия кабинеті, дәріхана, 4 төсекке арналған күндізгі стационар, дені сау бала бөлмесі, тіс дәрігері кабинеті және медицина қызметкерлеріне арналған бөлмелер қарастырылған.

Іс-шара барысында аудан әкімі Асқар Сұлтанұлы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтаған мердігер мекеме өкілдерін алғыс хаттармен марапаттады. Ал ауыл ақсақалдары ел игілігі үшін еңбек еткен азаматтарға ақ баталарын берді.

Айта кетейік, биыл аудан аумағында медициналық нысанға мұқтаж елді мекендердің Мақталы, Тастыбұлақ, Шақпақ-баба және Азаттық ауылдарында жаңа медициналық ғимараттар пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Қызылбастау ауылындағы медициналық нысан да ел игілігіне тапсырылмақ.

Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, 2026 жылы медициналық тірек қажет ететін Қараағашты, Жанұзақ, Майтөбе және Еңбек елді мекендерінде заманауи медициналық нысандар салу жоспарлануда.