ПОЛИГОНДАРДЫ ТАЛАПҚА САЙ ҚЫЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Бүгінгі таңда аудан аумағында орталықтандырылған екі полигон жұмыс жасайды. Бірі Майлыкент ауылдық округінде болса, екіншісі Састөбе кентінде орын тепкен.
Бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев аталған қос полигонға және Түлкібас кенті мен Жабағылы ауылдық округіндегі ескі полигондарда болып, қазіргі жағдайын бағамдап, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады.
Қазіргі таңда Састөбе кентіндегі полигонды талапқа сай ету мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, су кіргізу, электр желісін тартып, трансформатор орнату жұмыстары атқарылды. Ендігі кезекте алдына қақпа орнатып, күл-қоқысты сұрыптау орны мен таразы қою жұмыстары атқарылуда. Нысан келесі жылға өтпелі.
Аудан басшысы жауапты мердігерге жыл соңына дейін сұрыптау ғимаратын көтеріп, жабуды тапсырып, жұмыстың сапалы болуын ескертті.
Ал, Майлыкент ауылдық округіне қарасты полигон толық талапқа сай жұмыс жасауы үшін бірнеше ескертпелерді жүктеді. Бүгінгі таңда 11 гектар аумақты алып жатқан полигонды сенімгерлік басқаруға ЖК «Алихан» алып отыр.
Бұл жерде Асқар Сұлтанұлы полигон жұмысын үйлестіріп отырған кәсіпкерге бекітілген талаптарды қатаң сақтауды тапсырды.
Бұнымен қоса, аудан әкімі Түлкібас кенті мен Жабағылы ауылдарындағы ескі полигон орның тегістеп, талапқа сай толық жабуды жауаптыларға жүктеді.








