Жастар практикасы — жұмыс табудың мүмкіндігі

378

Шымкент қаласында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы уақытша жұмысқа орналасып, өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап жүрген жастардың саны артуда.

Сондай жастардың бірі — Тұрсынбай Бақытжанұлы. Биылғы жылы М. Әуезов атындағы университетті «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығы бойынша аяқтаған. Қолына диплом алған соң, жұмыссыз мәртебесімен шілде айында қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінді.

Орталық қызметкерлері жас маманға «жастар практикасы» бағдарламасына қатысуды ұсынды. Осылайша, ол Шымкент қаласындағы Төтенше жағдайлар департаментіне жыл соңына дейін жолданды.

— Қазіргі уақытта өз мамандығым бойынша тәжірибе жинап, еңбекақымды адал алып жүрмін. Енді уақытша жұмыстан тұрақты жұмысқа орналасып, маман иесі атану жоспарым бар, — дейді бағдарлама қатысушысы.

«Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты – жастар практикасы жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында ұйымдастырылған.

Айта кетсек, биыл қалалық жұмыспен қамту орталығы тарапынан 2500 жасты аталған бағдарлама аясында жұмысқа орналастыру жоспарланған. Тәжірибе жинақтап жүрген түлектерге 25 АЕК көлемінде жалақы төленеді. Ал, жыл басынан бері 2 мыңнан астам шымкенттік жас тәжирибеден өту үстінде.