МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН АУДАНДЫҚ ФОРУМДА ТАЛҚЫЛАДЫ

2

Жетісай аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру және «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында «Берік отбасы – берік қоғам, берік ұлт» тақырыбында мемлекеттік және квазимемлекеттік қызмет саласындағы ата-аналардың аудандық форумы болып өтті.

Отбасы құндылықтарын дәріптей отырып балалар мен әйелдерге қатысты жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен болдырмау, салдарын жою, ұрпақ тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылау мен қоғамдағы жауапкершілікті арттыруға арналған форумға аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Намазов пен аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Мейірхан Құрбанбаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Шоқан Адайбеков пен аудандық мәслихат депутаты Қаршыға Ақтөреева, отбасын қолдау орталығының басшысы Ақбаян Төлбасықызы мен ҚР Президенті жанындағы өкіл Баян Ахатай қатысты.

Еркін форматта өткен жиын барысында баяндамашылар зорлық-зомбылық фактілерінің нақты көрсеткіштері мен негізгі себептеріне жасалған зерделеу жұмыстарына тоқталып, өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы құрудағы жауапкершілікті ұғындыру, отбасыдағы қаржылық сауаттылықты арттыру, ажырасудың, отбасыдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша профилактикалық шараларды күшейту, есірткіге тәуелділік пен ойынқұмарлықтың алдын алу, ата-аналар мен азаматтық қоғам мүшелерін жастарға дұрыс тәрбие беруге жұмылдыру керектігі айтылды. Ата-ана мен перзент арасындағы байланыстың әлсіреуіне себеп болып отырған смартфонға тәуелділік, әлеуметтік желілердің бақылаусыз қалуы, отбасындағы шынайы қарым-қатынастың болмауы, рухани дамудың құлдырауы жайында пікірлер айтылып, кері байланыс орнатылды.

Форум соңында қоғамдағы отбасы институтын нығайтудың маңызы мен қажеттілігіне тоқталған аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков бала тәрбиесінде үлгі болып жүрген мемлекеттік қызметшілерді марапаттады.