САУРАН АУДАНЫНДА ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ НАУҚАНЫ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

2

Сауран ауданында әскери қызметке шақыру науқанының ұйымдастырылуы мен орындалу барысы талқыланған жұмыс жиыны өтті. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров төрағалық етті.

Түркістан қаласы және Сауран ауданы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарманың бастығы, полковник Дилмурат Нуржанов, ауылдық округ әкімдері және жауапты бөлім мамандары қатысты. Кездесу барысында әскерге шақыру жұмыстарын жүйелі жүргізу, жастар арасында әскери қызметтің маңызын насихаттау, патриоттық ұстанымды күшейту мәселелері жан-жақты қаралды.

Полковник Дилмурат Нуржанов өз баяндамасында шақыру жоспарының орындалу деңгейіне тоқталып, ауылдардағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен ұйымдастыру қарқынын арттыру қажеттігін жеткізді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жастарды әскерге баруға ынталандыру — тек комиссиялардың ғана емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

— Әскери қызмет — тәртіптің, намыстың және азаматтық жауапкершіліктің мектебі. Әрбір жас Отан алдындағы борышын өтеудің мәнін түсінуі тиіс. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуіміз қажет, — деді.

Аудан басшысы тапсырма беріп, жауапты бөлімдер мен ауылдық округтерге күзгі шақыру жоспарын толық орындау, ақпараттық-насихат жұмыстарының тиімділігін арттыру міндеттелді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ұсыныстар қабылданып, тиісті міндеттер хаттамаға енгізілді.