«КОНГРЕСС ХОЛЛ» КЕШЕНІНІҢ 5 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТІЛДІ

3

Түркістан қаласының мәдени өмірінде маңызды орын алатын «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің 5 жылдық мерейтойына арналған «Белесті 5 жыл» атты салтанатты концерттік бағдарлама көрермендер назарына ұсынылды.

2020 жылдың 28 қыркүйегінде есігін айқара ашқан кешен осы уақыт ішінде республикалық және халықаралық деңгейдегі жүздеген мәдени іс-шаралардың тұрақты өткізу алаңына айналды.

Кешен қала руханиятының дамуына елеулі үлес қосып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кәсіби өнерпаздар, мемлекеттік марапат иегерлері мен өз саласының үздік мамандары қызмет атқаратын мәдени орталыққа айналды.

Мерекелік кеште кешеннің шығармашылық ұжымдары — «JANA LEP» труппасы, «ALQONYR» фольклорлық ансамблі, «SAMGAU» би ансамблі және «КЕРУЕН» балалар би тобы көрермендерге мазмұнды өнер көрсетті. Сондай-ақ «Құрмет» орденінің иегері, белгілі дирижер Еркін Нұрымбетовтің орындауы кештің көркін аша түсті.

Шараның құрметті қонақтары қатарында Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Темірболатұлы, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, және қалалық басқармалар мен мекемелердің өкілдері және мәдениет саласының ардагерлері болды.

Айта кетейік, бес жыл ішінде «Конгресс Холл» өңірдегі мәдени, қоғамдық және іскерлік шаралардың негізгі орталығына айналды. Осы кезеңде мұнда көптеген концерттер, форумдар, ресми кездесулер өткізіліп, мыңдаған көрерменге қызмет көрсетілді. Мерейтой барысында кешеннің дамуына үлес қосқан қызметкерлерге қала басшысы мен ұйым өкілдері тарапынан арнайы алғыс білдіріліп, ықылас гүлдері табысталды.