ҰЛТ ҮНІН ҰЛЫҚТАҒАН ӘУЛЕТ

27
ҰЛТ ҮНІН ҰЛЫҚТАҒАН ӘУЛЕТ
немесе
ӘМІРБЕКТІҢ ӘР БАЛАСЫ «ШАЛҚАР» РАДИОСЫН ӨЗ ШАҢЫРАҒЫМ ДЕП БІЛЕДІ….
Ғасыр жасаған қасиетті Қазақ радиосында, алпыс жылдық тарихы бар ұлттың үнжариясы – «Шалқар» радиосында Әмірбектің үш баласының да еңбек етуі біз үшін үлкен тағдырлы бақ. Әрқайсымызға әр кезеңде осы қарашаңырақта қызмет ету маңдайға жазылыпты. Аллаға сансыз шүкір!
Әулеттің тұңғышы – Көпен Әмірбек ағамыз Қазақ радиосының бел баласы, «Шалқар» радиосының бас редакторы болды. Ортаншысы – Базарбек Әмірбекұлы 1997 жылдары Қазақ радиосын Алматыдан Астанаға алғаш көшірген журналист-редакторлардың алдыңғы легінде жүрді. Ал үйдің кенжесі – мен, 2014 жылдан бері Қазақ және «Шалқар» радиосының Шымкент пен Түркістан өңіріндегі меншікті тілшісі болып еңбек етіп келемін. Мұның өзі Әмірбек әулетіне бұйырған үлкен ырыс деп білемін.
Қазақ радиосының 100 жылдығын Шымкентте атап өтуге атсалысқанымды да өзіме үлкен абырой санаймын.2021 жылы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның қолдауымен, сол кезеңде Қазақ радиосын Ернұр Бурахан басқарып тұрған тұста, «Ковидке» қарамастан, ғасырлық мерейтойды шымкенттіктер болып дүркіретіп өткіздік. Бұл – тарихта қалған жарқын сәттердің бірі.
Ұлтты сүйген адам – Қазақ радиосын сүйеді. Бұл жолда марқұм Көпен ағаммен, әріптесім Гүлмира Нәлібаймен бірге талай еңбек атқардық.
Ал «Шымкенттен сөйлеп тұрмыз!» жобасын өз басым тарихи жоба деп есептеймін. Шүкір!
Биыл – «Шалқар» радиосына 60 жыл! Осы мерейлі дата қарсаңында Түркістан облысы мен Шымкенттегі сүйікті тыңдармандар Қазақ радиосының басшысы Нұртас Солтанұлы мен «Шалқар» радиосының басшысы Болатбек Төлепберген басқарып отырған ұжымға шынайы тілектес.
Егер Қазақ радиосына көше атауын берген Оңтүстік елі «Шалқар» радиосының 60 жылдығына орай жаңа бір көше атауын тарту етсе – бәріміз бірге қуанар едік.
Иә, «Шалқар» радиосын – Әмірбектің әр баласы өз шаңырағындай көреді. Жасай берсін, жасай берсін ұлттың үнжариясы – «Шалқар» радиосы!
Шалқар радиосының 60 жылдығы аясында оңтүстіктегі тыңдармандар үшін жақсы жаңалыққа куә болып, оған өзімнің де үн қосқанымды бөліскім келеді. Бұл «пустой» сөз емес, нақты факті.
Жол-жөнекей Шәмші Қалдаяқов туған қасиетті Шәуілдір ауылына да соқтым.
Бірінші – қуанышты жаңалық.Президент Жарлығымен Аида Балаева Премьер-Министрдің орынбасары әрі Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. Қазақтың бір қызының биікке шыққаны – баршамызға қуаныш! Бұған дейін Шымкентте кездескенімізде, ауылдық және шекаралық аймақтарда Қазақ және «Шалқар» радиосы жөнді ұстамайтынын, ұлттың үнжариясы ауыл-аймақта анық сөйлеп тұрса деген өтінішімді жеткізген едім. Министр назарға алатынын айтқан.
Нәтижесін кеше өз көзіммен көрдім.Төрткүлден Шәуілдірге қарай бұрылған тұста бұрын «ғыжыр-быжыр» естілетін Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы бұл жолы тап-таза сөйлеп тұр. Қуанып қалдым. Қарашаңыраққа бардым – радио анық ұстап тұр.Есік алдында әкемнің өкіл баласы Әбдімомын ағамен, Мырзабек ағаммен, Бекзат ініммен бірге радионы тыңдап, бәріміз шын қуанышқа бөлендік. Мұның бәріне жол-жөнекей өзім куә болдым. Видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде халық үнін ескергені үшін Аида ханымға ризашылығымды білдірдім.
Отырарлық ағайындар атынан ауыл-аймақта Қазақ және «Шалқар» радиосының сөйлеп тұруына барынша мүдделі Қазақстан РКТРК басшысы Ернұр Бураханға, Қазақ радиолары ЖШС басшысы Нұртас Солтанұлына да айрықша алғыс айтамын.
Қазақ және «Шалқар» радиосына тілеулес барша тыңдарманға рахмет!
Радио қызметкерлерінің елге сіңірген еңбегі еселеніп, мәртебесі биіктей берсін!
Ерсұлтан ӘМІРБЕК, журналист