Шымкент: жаңа оқу жылында мектеп формасы міндеттелмейді

644

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева және Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметовтің қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Жанат Арысбекқызы жаңа оқу жылының басталуы туралы баяндады.

– Бүгінде Шымкент қаласының білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын. Мәселен, оқулықтар мен көркем әдебиеттер білім ошақтарына 100% жеткізілді. Ал бейнебақылау жүйесі мен турникеттер толық орнатылды. Бұл ретте оқушылар жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастайды. Бірақ мектеп формасы міндеттелмейді, классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен келуге рұқсат. Ал 30 мың теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек алған отбасылар (57 466 бала) мектеп формасын алуға міндетті. Осы орайда 1 қыркүйек күні білім табалдырығын аттаған бүлдіршіндер үшін салтанатты жиын өтеді, қалған сынып оқушыларына санитарлық талаптарды сақтай отырып сынып сағаты болады, – деді Ж.Тәжиева.

Басқарма басшысының сөзінше, биыл қалада тамыз айына дейін 1-сыныпқа 25 005 бала қабылданған. Ал тамыз айы ішінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті және құжаттарын дер кезінде тапсырмаған ата-аналардың талабы арқылы 31 бала қосымша қабылданған.