Шымкент туристерге ұсынылатын топ 10-ға кірді

315

Туризм дегеніміз — елді әлемге танытатын жарнаманың бірі. Туризм дамуы үшін тазалық пен қауіпсіздік алға шығуы тиіс. Сондықтан қаламызда бұл екі мәселеге айрықша көңіл бөлініп, айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде Шымқала еліміздегі туристерге ұсынылатын топ 10-ға енді. Туризм саласын дамыту бойынша қабылданған жаңа заң негізінде туристік нысандар салатын кәсіпкерлерге инвестициялық жеңілдіктер қарастырылған. Соған орай қаржылай қолдау тетіктері ұлғайды. Атап айтқанда, инвестициялық жеңілдіктер, сырттан туристер әкелетін туроператорлардың шығынын субсидиялау бар. Мынандай да мүмкіндік бар. Егер кәсіпкер қоғамдық әжетхана соқса, айына 83 мың теңге оны таза ұстау мен айналасын күтіп-баптауға беріледі. Туристер үшін арнайы автобус сатып алынса, оның 25 пайызын мемлекет есебінен субсидия алады. Мұнан да басқа жеңілдіктер қарастырылған.

Шымкент қаласы әкімі М.Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес Сайрам тұрғын алабындағы ескі қалашық қамалын қайта жаңғырту жұмыстары бойынша жобалық мастер-класс басталды. Егер жоба мақұлданып, іске асатын жағдайда қайта жаңғырту жұмыстары барысында сансыз баптар жатқан мекен шығыс стиліне еніп, туристердің қызығатын бірден-бір орнына айналмақ.