МЕН ЖУРНАЛИСТИКАҒА ҚАЛАЙ КЕЛДІМ?

988
1987 жыл. Қазақстан Компартиясы Бө­г­ен аудандық комитетінің қаһарлы үшінші хат­шысы Бибірабиға Нышанова ша­қы­рып алып: «Шымкент облысының Ал­ма­тыдағы күндері өткелі жатыр.
Об­лыс на­мысын Бөген мен Алғабас аудан­да­ры­ның өнерпаздары қорғайтын болды. Кон­цертті бастан-аяқ сен жүргізесің», – де­ді.
Мен ол кезде Бейсен Оңтаев атын­дағы орта мектепте неміс тілі пәнінің мұғалімімін және мектептегі бастауыш комсомол ұйымының хатшысымын.
«Қа­распан» совхозының «рабочкомы» Құл­баба Сыздықов көкеміздің алдындамыз:
– Так, неден бастаймыз? – деді ол кісі бізге қарап. «Бізге» деп отырғаным, мен кенет совхоздың «Ақ алтын» аспапты ансамблінің мүшесі болып шыға келдім.
– Ең бастысы, киім тіктіру керек, – дедім ойланбастан. Содан ананы айтып, мынаны айтып, дайындыққа кірістік те кеттік.
Сонымен не керек, Алматы қаласын­дағы Түркебаев көшесінің бойында Шымкент облысы алматылықтарды өз күндеріне шақырды. Көше басында біз тұрмыз. Бізден кейін айтыс дүлдүлі Көп­бай Омаров, сазгер Нышан Төлегенов, мен ол кезде танымайтын шымкенттік көп­теген өнер майталманы.
Алматылықтар концертімізді жылы қабылдады. Алғашқы күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Колбин келді. Жанында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев бар. Ауыл­дан келген біз үшін үлкен кісілердің алдында концерт қою мәртебе болатын. Ал­матыда болған бір апта ішінде талай қызықтарға батып, астана тұрғын­да­рының ыстық ілтипатына ие болдық.
Ауылға қайтысымен ойыма келгені – алматылық әсерлерімді қалай да қағаз бетіне түсіріп, «Коммунизм таңы» газеті­не ұсыну еді. Ол кезде газет жұмысынан мүлдем бейхабар болсам да, ойымды іске асыру мақсатында мақалаға ұқсас бірдеңені жазып тастап, аудан орталығы Темірланға тарттым. Аудандық газет редакциясын тауып алып, ақырын ғана табалдырығынан аттадым. Жазбам орыс тілінде.
Мені жылы шырайлы бір әйел қарсы алды. Кейін білгенім, ол редактор­дың орынбасары Лидия Горба­щенко бола­тын. Алғашында маған аса қызыға қараған жоқ-тын, тек жазбамды тастап кетуін өтінді. Сөйтсем, газетте мен сияқ­ты авторлар көп екен ол кезде. Арада апта өт­пей жатып, алғашқы мақалам «Заря ком­мунизма» газетінде жарқырап шыға келді. Төбем көкке жетуге шақ қа­лып, қайта-қайта оқимын келіп. Сөйт­сем, бірде-бір үтірім, бірде-бір нүк­тем өз орнынан жыл­жымаған күйі менің апарып бер­ген нұс­қам қаз-қалпын­да басылған екен. Құл­шын­ы­сым арт­қаны соншалық, қай­та-қай­та мақала жазып, апарып бергім келді.
Күндердің күнінде редакцияға жолым түсіп, тіке Л.Горбащенко отырған каби­нет­ке кіріп бардым. Ол кісі қуанып кеткені соншалық:
– Мы тебя ищем, где ты пропадаешь? – деп қарсы алмасы бар ма. Сөйтсем, ме­нің жазғандарым ұнағаны соншалық, жиірек жазып тұруымды өтінді. Кейіннен ол мақалаларымның «Коммунизм таңы» газетіндегі қазақша нұсқаларын оқып, таң қалғаным бар. Аударманың өзі жоғары бір дәрежеде жасалғаны, менің айтайын деген ойларымның бүкпесіз жеткізілгені мені одан сайын қамшылай түсті.
Сол жылдары газеттің қазіргі редакторы, ол кез­де Қажымұқан атындағы совхоздың комсомол комитетінің хатшысы Ғалым­жан Зия­бек туралы «Спеши, Галымжан!» де­ген мақалам жарық көрді. Сөздің құ­діреті қандай болатынын сол кезде түсін­ген­дей болдым. Өйткені, дәл сол мақалам мені де, Ғалымжанды да бүкіл ау­данға таны­мал етті.
Бір күні Лидия Алексеевнаға кіріп: «Менің мақалаларымды қазақшаға ауда­рып жүрген кім?» деп сұрадым. Ол:
– Бізде қазақ бөлімінде Базаргүл Қал­бырова деген тілші істейді, сол аударады, – деді.
Базаргүлдің қай кабинетте отыра­т­ы­­нын сұрап, онымен танысуға асықтым.
Алғашқы әңгіме-дүкеніміздің өзі ұзаққа созылды. Газет жұмысына, жур­налистің маңдай теріне байланысты сауалдарым сарқылар емес. Базекең асықпай барлық сұрақтарыма байыппен жауап беріп отырды. «Журналистика – бір керемет әлем екен ғой!» деген ой сол кезде санамды жаулай бастады. Кейіннен Базаргүлдің кабинетіне жиірек келе-келе, сол кабинетте жұмыс істеп жүрген арда­гер журналист Бердуалы Тұрма­хан­бетовпен таныстым. Ол кісіден де үйренерім көп болды…
Күндердің күнінде Лидия Алексеевна Горбащенко шақырып:
– Сен туралы редактор сұрады, – деді. – Бұл қандай жігіт, өзі жазып жүр ме, әлде өңдеп-жөндеп жариялап жүрсіңдер ме? деп сұрады, – деді.
Сөйтсем, Горбащенко әбден мақтап жіберген екен, бір күні редактордың өз ұсынысымен редакция қызметкері болып шыға келдім. Онда Мұхтар, Ильичбек, Жұбай, Батырбек Салиев, Зұпар, Нұрман деген азаматтармен танысып, кейін етене араласып кеттім. Ондағы қызықтар – өз алдына бөлек әңгіме…
Әсет ӘССАНДИ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.