«ШЫМКЕНТ БАРЫСЫ – 2022» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТТІК МЕРГЕНДЕР ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ

272

Шымкентте «Қала күніне» орай қазақша күрестен «Шымкент барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Белдесуде 90 келіден астам салмақ дәрежесінде 26 балуан күш сынасады.

Жарыс Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионның жеңіл атлетикалық аренасында өтуде. Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов балуандарға сәттілік тіледі.

 

–Ұлттық спорт түрлері ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл мұрамыз. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз аз емес. Оның айғағы ретінде қазақ күресінен Әлемдік деңгейде биік тұғырлардан көрінген, Әлем Чемпионатының жеңімпазы, Әлем Барысының күміс жүлдегері, Евразия Барысының жеңімпазы — Ерсұлтан Мұзаппаров және Әлем Чемпионатының жеңімпазы, Азия Чемпионатының үш дүркін жеңімпазы — Әділжан Истабаевты айтып өтуге болады. Бүгінгі жарыс барысында балуандарға сәттілік тілеймін, -деді қала әкімі М.Әйтенов.

 

Жарысқа Әлем және Азия Чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберіне үміткерлер қатысып жатыр.

Айтулы спорт додасын Б.Нарымбетов бастаған қала мәслихатының депутаттары, Майра Мұхамедқызы,  Мұхтархан Ділдәбеков тамашалауда.

Қазіргі таңда қаланың 4 спорт мектебінде қазақ күресімен 466 спортшы кәсіби түрде шұғылдануда.  Бүгінгі «Шымкент барысында» 1-2 орын алған балуандар шілде айында ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық жарысында Шымкенттің намысын қорғауға жолдама алады.

 

ШЫМКЕНТТІК МЕРГЕНДЕР ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ

Қазір Әзербайжан астанасы Бакуде нысана көздеуден әлем кубогы өтуде. Жарысқа әлемнің 65 елінен 800-ден астам спортшы қатысып жатыр.

Қазақстан құрамасынан қатысып жатқан жарыста шымкенттік мергендер

3 медаль жеңіп алды.

Атап айтқанда, Елизавета Король/ Елизавета Безрукова «50m rifle 3positions» жаттығуында оқ атудан әйелдер құрамасы күміс медаль алды.

Сабақтас «trap/mix» жаттығуында стенд атудан Мария Дмитриенко/ Виктор хасянов қола медальға ие болды, екі спортшы да Шымкент қаласының өкілдері болып табылады.

Әйелдер арасындағы «skeet» командалық жаттығуының ақтық сынында Қазақстан құрамасы қола медальға ие болды. Команданың құрамында шымкенттік мергендер: Зоя кравченко/ Рината Насырова.

Қазақстанның құрамасында 40 мықты спортшы ел намысын қорғауда.

Бакудегі Әлем кубогы спортшылар үшін өте маңызды, себебі ол рейтингтік, рейтингті арттыру арқылы спортшылар Олимпиада ойындарына қатысуға квота алады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі