ШЫМКЕНТТЕ ӘДІЛЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында кезекті баспасөз брифингі өтті. Бұл жолы қалалық Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып, алғашқы жартыжылдықты қорытындылады. Жақында ғана күшіне енген жаңа Ата Заңдағы құқықтық салаға енгізілген жаңашылдықтар мен маңызды бағыттарға тоқталды.
Спикердің айтуынша, елімізде қабылданған конституциялық өзгерістердің бірі – адвокатура институтының Конституция деңгейінде бекітілуі. Яғни, азаматтар енді заң көмегін оңай ала алады. Сондай-ақ, қоғамның сот және құқық қорғау жүйесіне деген оң көзқарасын қалыптастырады.
Бұдан бөлек, Конституцияның жаңа редакциясында әркімнің шығармашылық қызметінің нәтижелеріне құқығын және зияткерлік меншіктің қорғалуына кепілдік беретін норма енгізілді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында департамент биылғы жартыжылдықта тауар белгілерін заңсыз пайдалануға қатысты 24 әкімшілік іс қозғады. Сот шешімімен 2,7 млн теңгеден астам айыппұл салынып, құны 6,1 млн теңгені құрайтын контрафактілік 2 092 дана өнім заңсыз айналымнан шығарылды.
Жиында атқарушылық іс жүргізу жүйесін жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістер де кеңінен түсіндірілді. Жаңа түзетулер сот актілерінің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге, жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін күшейтуге және атқарушылық өндірістің ашықтығын арттыруға бағытталған. Мысалы, оңайлатылған атқарушылық іс жүргізудің қолданылу аясы кеңейтіліп, жеке сот орындаушыларын аттестаттау мен олардың қызметіне бақылау тетіктері күшейтілген. Қазіргі таңда қалада 8 мемлекеттік және жеке 155 сот орындаушысы жұмыс істейді. Жыл басынан бері «Робот-сот орындаушы» жүйесі арқылы 15 033 іс аяқталып, 338 млн теңге өндірілген.
Алимент өндіру мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Қалада бүгінгі таңда 13 845 атқарушылық іс жүргізілуде. Оның ішінде, қарызы үш айдан астам мерзімде өтелмеген 3 287 іс бар. Жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 31 азаматқа қатысты сот үкімі шығып, 215 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 132 борышкер қамаққа алынса, 83 адамға айыппұл салынды. Борышкерлерді жұмыспен қамту мақсатында өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде, 254 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Департамент басшысы азаматтардың құқықтық қызметтерге қолжетімділігін арттыру бағытында цифрландыру жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты. Тұрғындар «Е-заң көмегі», eGov және «Заң көмегі» сервистері арқылы онлайн құқықтық кеңес ала алады. Ал, алдағы уақытта құқықтық сұрақтарға тәулік бойы жауап беретін жасанды интеллект негізіндегі чат-бот іске қосылмақ.
Қазіргі таңда қалада 343 нотариус, 524 адвокат және 1 150 заң кеңесшісі халыққа қызмет көрсетеді. Биылғы алты айда нотариустар 69 667 қызмет көрсетсе, оның 29 116-сы «Е-нотари» платформасы арқылы онлайн рәсімделген. Адвокаттар тарапынан 6 875 құқықтық көмек көрсетіліп, апостиль қою бойынша 3 950 өтініш қабылданған.
Баспасөз мәслихатында айтылған мәліметтер құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызметтерді жеңіл әрі тиімді ету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын көрсетті.
Ұлжан КӨГІЛ
«Шымкент келбеті»








