ҚАЛАДА МАЛ ҰСТАУДЫҢ ТАЛАПТАРЫН БІЛЕСІЗ БЕ?

0

Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың 5 айында шаһарда мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 19,7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі  107,1 % деңгейде орындалған. Ауыл шаруашылығына қатысты өнім көлемінің өсуі негізінен мал шаруашылығы өнімдерінің артуы есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Атап айтқанда, сүт өндіру көлемі 13 %-ға артып, 32,1 мың тоннаны құрады.  Тауық жұмыртқасы өндірісі 12 %-ға өсіп, 100 млн данаға жеткен. Мал мен құс еті 3,1 мың тоннаны құрап отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында мал шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалану қажеттігін айтқан еді.

– Біз бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргіздік, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Қазір нақты қаржыландыру тетіктері бар: жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, мал бордақылайтын орын салуға және асыл тұқымды мал алуға мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Былтырдың өзінде осы мақсатқа 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ, шаруашылығын кеңейтем деген кәсіп иелеріне жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік бар, – деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жайылымдық жерлерді тиімді әрі ауыстырып пайдалану тәсіліне баса мән берген дұрыс екенін, ветеринария саласын материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету, салада инфрақұрылымды күшейтуге қатысты жұмысты тиімді түрде жалғастыру керектігін айтқан болатын. Бұл– Шымкент сияқты ірі мегаполис қалаларда азық-түлік белдеуін қалыптастыруға мол мүмкіндік беретін жоба. Сондай-ақ, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімін қамтамасыз етуге, тиісінше бағаның тұрақтаныуына да әсер етпей қоймайтыны анық.

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, Шымкентте 89,6 мың ірі қара, 91,8 мың ұсақ мал, 20,8 мың жылқы бар. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы аясында сатып алынған асыл тұқымды малға, өндірілген өнімге бекітілген нормативтер аясында субсидиялар беріледі.

Мемлекеттік осы қолдауларды тиімді пайдалану нәтижесінде, қала аумағына Еуропа елдерінен «Эгамназаров» жеке кәсіпкерлігі (Гольштейндік, Джерси және Қызыл Даттық) 300 және «Бәйтерек» шаруа қожалығы (Қызыл Даттық) сүтті бағыттағы ірі қара мал тұқымынан 34 сиыр сатып алған. Сатып алынған аналық малға 400 000 теңгеден субсидия берілген (биылдан бастап бір басқа 700 000 теңгеге дейін субсидия нормасы көбейген). Сиырлардың бұл тұқымы  тәулігіне орташа есеппен 24 литрден аса сүт береді.

Сонымен қатар, 2026 жылға 40 500 малдың (Ірі қара — 18 000, уақ мал — 22 450, шошқа — 50) төлдерін бірдейлендіру жоспарланып, 29 404 (72,6%) орындалған. Жеке немесе заңды тұлғалардың өтініші (союға жіберілген, сатылған т.б. жағдайда) негізінде «АШЖБ» ақпараттық жүйесінен есептен 11 576 мал шығарылды.

Малды бірдейлендіру жұмыстары қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, белгіленген мерзімдерге сай және жоспарлы түрде жүргізілуде.