ТАЗАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІН ҒАНА ЕМЕС, ЗАҢ ҮСТЕМДІГІН ДЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бүгінде ел көлеміндегі маңызды қоғамдық қозғалысқа айналды. Бұл бастама тек сенбілік өткізіп, көшелерді тазалаумен шектелмейді. Оның түпкі мақсаты – азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық жауапкершілікті арттыру және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру.
Президент өз Жолдауларында бірнеше рет тазалық мәселесі әрбір азаматтың жеке мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші екенін атап өтті. Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаты да қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындарды таза ұстау және ортақ мүлікке ұқыпты қарау мәселелерімен тікелей сабақтас. Өйткені өркениетті қоғамның деңгейі оның көшелерінің тазалығымен, тұрғындарының мәдениетімен және заң талаптарын сақтауымен өлшенеді.
Осы бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында да жүйелі түрде жалғасып келеді. Қалада республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру қағидаларының орындалуын бақылау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар және өзге де уәкілетті мекемелер белсенді қатысуда.
Шымкент қаласы Полиция департаменті қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында заманауи технологияларды кеңінен қолдануда. Атап айтқанда, бейнебақылау камералары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен қала аумағына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Мұндай тәсіл құқық бұзушылықтарды жедел анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға да мүмкіндік береді.
Жуырда өткізілген ауқымды рейдтік іс-шара барысында полиция қызметкерлері қала көшелерін, көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларын, қоғамдық орындар мен басқа да аумақтарда тексеру жұмыстарын жүргізді. Рейд кезінде дрондар пайдаланылып, әуеден бақылау ұйымдастырылды. Нәтижесінде қоғамдық орындарды ластау, белгіленбеген орындарда сауда жасау, абаттандыру қағидаларын бұзу секілді 225 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Сонымен қатар, бір тәулік ішінде жүргізілген арнайы профилактикалық іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 72 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіштер қаланың тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың өзектілігін және кейбір азаматтардың экологиялық мәдениетті қалыптастыруға әлі де жеткілікті деңгейде мән бермейтінін аңғартады.
Сарапшылардың пікірінше, экологиялық мәселелерді шешуде тек әкімшілік жауапкершілік шараларымен шектелу жеткіліксіз. Ең бастысы – қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру. Себебі қоршаған ортаның тазалығы әр адамның күнделікті әрекетінен басталады. Көшеге қоқыс тастамау, құрылыс қалдықтарын белгіленген орындарға шығару, қоғамдық орындарды ластамау – қарапайым көрінгенімен, үлкен қоғамдық жауапкершіліктің белгісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасы арқылы ел азаматтарын туған жерге жанашырлықпен қарауға үндеді. Бұл бастама бүгінде экологиялық акциядан әлдеқайда ауқымды ұғымға айналып отыр. Ол – азаматтық сана, қоғамдық мәдениет және ортақ құндылықтарды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Шымкентте жүргізіліп жатқан жұмыстар осы міндеттердің нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да тұрақты жүргізуде. Қала тұрғындарына қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, абаттандыру талаптарын орындау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау жөнінде кеңінен ақпарат берілуде.
Бүгінде әлемнің дамыған елдері тұрақты дамудың негізгі шарттарының бірі ретінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән береді. Қазақстан да осы бағытта нақты қадамдар жасап келеді. «Таза Қазақстан» акциясы арқылы табиғатты қорғау, қалаларды көркейту және азаматтардың жауапкершілігін арттыру мәселелері мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының біріне айналды.
Таза көше, көрікті аула, жасыл желекке көмкерілген қала – тек коммуналдық қызметтердің емес, бүкіл қоғамның ортақ еңбегінің нәтижесі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау әр азаматтың азаматтық борышы болуы тиіс.
«Таза Қазақстан» бастамасының негізгі мәні де осында. Заң талаптарын сақтау, табиғатты аялау және қоғамдық тәртіпті құрметтеу арқылы ғана біз болашақ ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалдыра аламыз. Ал мұндай қоғамның іргетасы әрбір адамның күнделікті жауапты әрекетінен қаланады.








