ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТӘРТІПТІ КҮШЕЙТУ ҚАЖЕТ

0

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы мен «Заң және тәртіп» қағидаты – мазмұны бөлек болғанымен, мақсаты ортақ бастамалар. Екеуін біріктіретін негізгі құндылық қоғамдық жауапкершілік пен азаматтық мәдениетті қалыптастыру. Өйткені тазалық тек қоршаған ортаның ғана емес, қоғамдық сананың да көрінісі. Тазалық сақталған жерде тәртіп орнығады, ал тәртіп бар жерде тазалықтың да тұрақты болуы заңдылық. Сондықтан бұл екі бастама өзара сабақтасып, қоғамда заңға құрметті, ортақ мүлікке жанашырлықты және туған жерге деген жауапкершілікті нығайтуға қызмет етеді. Әр азамат осы қағидаларды күнделікті өмірінде ұстанғанда ғана таза, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптасады.
Шымкентте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мәселелеріне арналған ведомствоаралық жиын өтті. Басқосуға қалалық прокуратура, Полиция департаменті, Экология департаменті, Жайлы ортаны дамыту басқармасы, төтенше жағдайлар қызметі, өзге де мемлекеттік органдар мен еріктілер ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиында 2026 жылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы баяндалып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды. Мемлекет басшысы мен Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында қалада мобильді топ тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Оның құрамына прокуратура органдары, әкімдік, полиция, экология департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, Жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілдері және қоғам белсенділері енген.
Мобильді топтың негізгі мақсаты тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қала аумағын қоқыстан тазарту, заңсыз қоқыс төгу фактілерінің алдын алу және қоршаған ортаны ластаған азаматтарды заң аясында жауапкершілікке тарту. Қазіргі таңда топтың жұмысы жүйелі түрде жалғасып, әр мекемеге өз құзыреті шегінде нақты тапсырмалар жүктелген.
Жиында келтірілген мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың І жартыжылдығында 576 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, нәтижесінде 23 152 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Заңсыз қоқыс төгуге қарсы күрес барысында 188 автокөлік ұсталып, құқық бұзушыларға жалпы сомасы 59,6 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Сонымен қатар, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының геоақпараттық жүйесі арқылы анықталған 31 заңсыз қоқыс орны толықтай жойылды. Бұл заманауи технологияларды пайдалану арқылы экологиялық бақылаудың тиімділігі артып келе жатқанын көрсетеді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен сенбіліктер мен тазалық шараларына 230 мыңға жуық тұрғын қатысып, 1438 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде қала аумағынан 2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.