Биыл Солтүстік Саяжай шағынауданы сапалы ауыз сумен қамтылады
Шымкент әкімінің тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, шалғай орналасқан елдімекендердің инфрақұрылым мәселесін шешу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Соның бірі — Абай ауданы аумағында орналасқан Солтүстік саяжай шағын ауданында құрылыс жұмыстары аяқталып, биыл сапалы ауыз сумен қамтылмақ. Мердігер мекеме «Бес Қара» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары 2020 жылдың қараша айында басталған. Жалпы ұзындығы 151,8 шақырымды құрайтын ішкі орамдық ауыз су жүйесінің бүгінде 80 пайызға жуығы тартылды.
Қазіргі уақытта Солтүстік саяжай шағын ауданы тұрғындары тасымалды ауыз суды пайдаланады. Дегенмен, мұндағы халықтың мәселесі биыл шешімін табады. Құрылыс жұмыстары толығымен жыл соңына дейін аяқталып, 6 мыңға жуық отбасы сапалы ауыз сумен қамтылады.
Сонымен қатар, Солтүстік саяжай шағын ауданын сапалы электр қуатымен қамту құрылысы қарқынды жүруде. Тамыз айында мердігер мекеме «Электромонтаж» тарапынан құрылысы басталған. Бүгінге дейін 400 электр бағаналары орнатылып, жұмыстың 20 пайызы аяқталған. Дегенмен, құрылыс жұмысы келер жылға өтпелі.