ӘЛЕМІ ӘДЕМІ ӘЖЕ

697
«Ордабасы от­­тары» газетінің бас­пасөз клубында өт­кен кезекті интер­нет-кон­­ферен­-цияның қонағы ау­дан­дық «Әже­лер алқасы» қоғамдық бір­лес­ті­гінің төр­айымы, ұзақ жыл мек­тепке дейін­гі білім беру саласында абы­ройлы қызмет еткен білікті басшы, білім беру саласының үздігі, Ы.Алтын­сарин атындағы, «Ұлағат», «Об­лыс­қа еңбегі сіңген», «Конституцияның 25 жыл­ды­­ғы» медалдарының иегері, ау­данның Құрметті азаматы Көкі­шева Айымгүл. «Ту­ған жер. Тәуел­сіздік және Отан» тақы­ры­бындағы өрбіген сұхбат­ты оқи оты­ры­ңыз­дар. —
Құрметті Айым­­гүл Сейітқызы, бас­­пасөз клубымызға қош келдіңіз. Сізді ауд­анның дамуына өзіндік үлесі бар азамат ретінде танимыз. Кез келген тақырыпқа өз айта­ры­ңыз бар. Бірақ, бүгінгі тақыры­бы­мызды «Туған жер. Тәуел­сіз­дік және Отан» тақырыбына арнаймыз. Себебі, бұл елін сүй­ген әрбір азаматқа етене жақын тақырып. Ал, сіз туған жерге махаббаттың дәнегін бала­лар­дың жүрегіне сепкен алғашқы өмір­лік ұстазысыз. Алғашқы сұ­рақты өз туған жеріңіз, өскен ор­таңыз, ата-анаңыз жәйлі қойсақ.
— Адамның кіндік қа­­ны тамған жердің адам өмірінде ала­тын орны бөлек. 1947 жылы бү­гін­де рухани астанаға айналған Түр­­кістанда дүниеге келдім. Сол жы­лы Созақ өңірінде жаңадан ашы­­лып жатқан «Жуантөбе» кең­ша­ры­на қоныс аудардық. Орыс мек­те­біне оқуға бардым. Жетіншіні бітір­ген соң 13 жасымда Түркістан пе­дагогикалық училищесіне түсіп, бас­тауыш сынып және мектепке дейінгі білім беру маманы атан­дым. Білім — сарқылмас қазына де­гендей, әрі қарай жоғары білім алып, орыс тілі мен әдебиеті пә­ні­н­ің мұғалімі мамандығын игер­дім. Еңбек жолымды Жуантөбедегі С.Сей­фуллин атындағы мектепте мұ­ғалім болып бастадым. 1965-67 жыл­­­дары Созақ аудандық ком­со­мол комитетінің хатшысы болып сай­­ландым. Тұрмыс құрған соң Ал­ма­­тыға қоныс аудардық. Сол жер­де №119 балабақшада тәрбиеші бол­­дым. 1974-75 жылдары Темір­лан­­ға оралып, Пушкин атындағы мек­­­тепке мұғалім болып орна­лас­тым.
— Сөзіңізге сүйенсек, педа­гогика сіздің бала күнгі ар­ма­ны­ңыз болып қана қой­май, өмірлік негізгі тұғырыңыз болғандай. Осы салада абырой­лы қызмет атқардыңыз.
— Иә, балаларды білім нә­рімен сусындату бала күнгі арма­ным болғаны рас. Жалпы бала тәрбиесі. Қай ғасырда болмасын, тәрбие мәселелері назардан тыс қалып көрген емес. Әсіресе, бала тәрбиесі. «Адамның бір қызығы бала деген…», «Баламды мед­ре­се­ге біл деп бердім, қызмет қыл­сын, шен алсын деп бермедім деп» Абай айтқандай, адам қа­шанда ұрпағымен қымбат. Осы сөз­дің астарын ұғынып, менің өмірлік ұстанымыма айналғандай. Се­бебі, 1978 жылдан бастап, зей­нет­керлікке шыққанға дейін «Шол­пан» балабақшасының мең­ге­рушісі болып қызмет атқардым. Ба­лабақша табалдырығын атта­ған сәбиге қасықты дұрыс ұстау­дан бастап, тәрбие арқылы білім бе­ретінбіз. Тәрбие жоқ жерде бі­лім де жоқ. Тәрбие қаншалықты те­реңде болса, білім де сонша­лық­ты те­рең­де. Болашақ білімді, да­рын­ды, адамгершілігі мол ұрпақ үшін бұл – өте маңызды. Сол себеп­ті де от­басыдан кейін бала­бақшаның бала тәрбиесінде ала­тын орны айрықша.
— Сіз абыройлы қыз­мет атқара оты­рып, көпке үлгі бола білдіңіз. Ауданның дамуына ғана емес, Тәуел­сіз­дігіміздің тұғырлы болуына да өзіндік үлес қостыңыз. Сіздіңше Тәуелсіздіктің тұғырын биік ұстау дегенді қалай түсінесіз?
— Тәуелсіздік дегеніміздің өзі — еркіндік, бостандық. Еліміздегі демократияны революциялық жол­мен емес, эволюциялық жолмен да­мыту қажет. Бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін өз елінің адал азаматы болса екен. «Отан ошақ қасынан басталады» де­ген­дей, әрбір адам өз елін сүйе біл­се, оны көріп өскен бала да мін­детті түрде ел патриоты болады.
— Сіз осы ұғым­ның дәнін әр сәбидің жүрегіне еге білдіңіз деп ойлаймын. Сіздің балабақшада тәрбиеленіп, қа­нат қаққан бүлдіршіндер бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде елге адал қызмет етіп жүргені сөзсіз. Бүгінде үлкен­дерге де тәрбие беріп, білмегенін үй­ре­тіп, жол сілтейтін «Әжелер ал­қасының» төрайымысыз. Бұл ұйым қашан, қалай, қай мақ­сат­та құрылғаны туралы бірер сөз айтсаңыз.
— Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың ұйғарымымен әжелер алқасы құрылды. Ұсыныс республикалық ұйымнан түскен. 2014 жылы аудандық ұйымның төрайымы болып сайландым. Алғашқы кезде бағдарламамыз да, құжаттарымыз да болған жоқ. Не­ден бастарымызды біл­медік, уа­қ­ыт өте бәрі реттелді. Ауылдық ок­­руг­терге барып, «ұйықтап» қалған әже­­­лерді «ояттық». Неше түрлі өнер­­­­­лі, өнегелі әжелер барына көз жет­кіздік.
Қазақстың ұлт­тық салт-дә­с­тү­рін бойына сіңі­р­­ген да­на ақ­жау­лық­ты­лар үй­де отыр екен. үгінде әр ок­руг­тің әжелер ал­қа­сының төрайымы, аудандық алқа мү­шелері бар. Жұмысымыз қыз тәр­биесіне қатысты мәселеден бас­талды. Себебі, қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі. Ол күн тәртібінен түс­пей­тін мәселе. Сонымен қатар, бо­ла­­шақ келіндер мектебін облыс бойын­ша алғашқы болып аштық. «Қыз — болашақ жар, аяулы ана, әдеп­ті келін» тақырыбында ауыл­дарда кездесулер өткіздік. Зейнеп Ах­­метова: «Қыз баланың міндет-па­рызының жүгі өте ауыр әрі ар­дақ­ты. Ол адамзат ұрпағын өмі­рге әке­летін болашақ ана. Үй ұстап, жарын күтетін адал жар. Ата-ене сыйлап, иіліп қамқор бола алатын адал келін. Ол осыны қаласын-қа­ламасын бұл өмірдің заңы». Осы­лай­ша біз өзіміздің бойымызға сің­ген адал қасиеттерді кейінгі қыз­да­ры­мызға үйретсек деген мақ­сат­пен үлкен жұмыстар істеп жа­тыр­мыз. «Әжелер алқасының» қо­ғам­д­а рөлі зор. Себебі, ана болу — адам­­­ды тану, ене болу — елді та­ну. Ал, әже болу — әлемді тану.
— Сіздердің ты­ным­сыз ең­бек­те­рі­ңіз­ді әлеуметтік желілер арқылы, «Ор­дабасы оттары» газеті арқылы білеміз. Жуырда мек­тептерді аралап, оқу­шылармен кез­дес­кенде­рі­ңізді білеміз. Бұл бас­тама қалай басталды?
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жиырма бірінші ға­сырды ғылым ғасыры деп бел­гі­леді. Сол кездегі аудан әкімі Нұр­бол Тұрашбековтің ұсыны­сымен ау­­­дандағы білім ұяларын ара­ла­дық. Топ­тарға бө­ліндік. Біздің топ­тың жетекшісі — аудандық мәс­ли­хат хатшысы
Қа­сым­­бай Жақан­ұлы болды. Мектеп бі­тіруші жас­тар маман­дық таң­дауда қателеспесе екен деген аудан әкімінің қамқорлығын жет­кізе білдік. Жастардан да ауылына деген сезімнің ұшқыны байқалды. Ауылға қажетті мамандықты иге­ріп, елді көркейтуге үлес қосқысы келетінін жеткізді.
— Көпті көрген анасыз. Қиындығы да, қызығы да қатар жүрген өмір жолы­ңыз­­дан бір қызықты сәтті еске түсірсеңіз.
— 1982 жылғы шілдеде інім Сейітов Фазылбек (қазір аудандық аурханада дәрігер) Алматыдан өзімен бірге оқитын студент қызды ауылға келін етіп әкелетін болды. Бара жатырмыз деген телеграм­ма­ны алған соң ағам айтылған уақытта Шымкенттен күтіп алу үшін вокзалға барған. Сұрастырса, ол пойыз келіп қойған дейді. Ағам үйге ренжіп қайтады. Темірланда дастархан жайып, келінді Жуан­тө­беге апаратын екі көлікті безен­ді­ріп біз күтіп отырмыз. Жастар бізге соқ­пай өтіп кетті деп бәрінің көңіл-күйі түсіп кетті. Жуантөбе жақын жер емес. Алдымен аудан ор­та­лығы Шолаққорғаннан өтеді. Со­дан кейін Созақ ауылы, сосын «Жуан­төбе» кеңшары. Ағам үйге ке­ле сала үш ауылға да телефон ша­лып, «Жастар Темірланға кел­мей, жолға шығып кетіпті. Сен­дерге барса қайтарыңдар», — дейді. Бір кезде көліктің сигналы естіліп, «Келін келді» деп барлығы далаға жүгіріп шықты. Ағам екеуміз қатар жүгіріп, есікке сыймай тіреліп қал­дық. Ол кісі ірі денелі еді. Қозғала алар емеспіз. Бір қарасақ, бәрі бізге күліп тұр екен. Қуаныш пен қо­балжу қатар келген қызықты сәт еді. Кейін білдік, інім мінген пойыз кешігіп келген екен. Ол кезде қа­зіргідей технология дамы­ма­ған. Біреу айтқанға сеніп, кері қайтқан ағам мені көңіліме қарап үш ауылды да ая­ғынан тік тұрғыз­ды. Сон­дағы ағалық мейірі­міне ри­замын. Ал, сол кезде Ал­матыдағы С.Ас­фен­дия­ров атын­да­ғы медицина инс­ти­тутын қызыл дип­ломмен бі­тір­ген келініміз — бүгін­де білікті маман, аудан­дық ауруханада 35 жыл­дан аса абыройлы қыз­мет етіп келе жатқан ги­не­колог, Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Денсаулық сақтау са­ласының үздігі, «Шапа­ғат» медалінің ие­ге­рі, 2018 жылдың үздік дәрігері, адал жар, аяулы ана, үлгілі де инабатты келін Сейі­­това Сал­та­нат. Төрт неме­ренің әжесі, әу­летіміздің мақта­ны­шы.
— Керемет есте­лік. Мейі­рім­нің лебі есіп тұр. Ынтымағы жа­расқан отбасы екен­­­­­­­­­с­із­дер. Жалпы адами және от­басылық бақыт туралы пікі­рі­ңізді білсек?
— Отбасы — бақыт мекені. Ал, нағыз бақыт — отбасының амандығы. Адам өмірде қанша қиналса да, жетістікке жетсе де о­т­басыдан артық оған қуанатын, қол­­дайтын, қорғайтын мекен жоқ. Сон­дықтан оның әрбір мүшесінің аман­­дығы адамның қанатын қат­ай­­тып, өмірге құлшынысын артт­ырады. Ал, отбасында ты­ныш­тық орнаған бақытты жан ел үшін де, жер үшін де аянбай еңбек етері сөзсіз.
— Сөз соңында жастарға айтар тіле­гіңіз.
— Елдің аман­ды­ғын, несібенің молдығын, жастар­дың имандылығын тілеп отырған да­рия көңілді қарияларымызды, ұлт­­тың ұйытқысы болған, ақ бо­са­ғаның алтын діңгегі саналатын әле­мі әдемі әжелерді ардақ­таң­дар. Мәңгілік елдің көшінде ма­ғынасы өшпейтін салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды бой­ла­рыңа сіңі­ріп, намысшыл, жі­герлі бо­лып, ұлт­тық рухымыздың биі­гінен кө­рі­ні­ңіз­дер. Еліміз дамып, көр­кейіп, әрбір отбасында сәби күлкісі ес­тілсін.
— Жүректен шыққан игі ті­легіңіз бен керемет сұхбат үшін рақ­мет. Көпке өнеге болып, аман-есен жүре беріңіздер.
Сұхбаттасқан:
Жібек ОҢҒАРБАЙҚЫЗЫ.