Емханалық қызмет көрсетудің сапасы артуы тиіс

496

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің жұмысымен танысып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.

Биылғы жылдың алты айында департамент қарауына көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы бойынша жеке және заңды тұлғалардан 135 шағым келіп түскен. Бақылаушы органға жолданған шағымдар бойынша 46 жағдайда медицина ұйымдарында тиісті тексеру жұмыстары жүргізілсе, 48 шағым негізсіз деп танылып, қараусыз қалдырылған. 36 шағымның мәні реттілігі бойынша басқа құрылымдардың қарауына жататындықтан, сол құрылымдарға жіберілген, 5 жағдайда шағымданушы өз шағымын кері қайтарып алған.

Көрсетілген медициналық қызметтер бойынша түскен шағымдардың 52 пайыздан астамы негізсіз деп танылған. Жеке және заңды тұлғалардан түскен шағымдардың ішінде уақытша жұмысқа жарамсыздық парағын ашу негіздемесін айқындау, дәрігерлер тарапынан этика және деонтология талаптарының сақталмауын қарау мәселелері де бар.

Дәрілік заттардың айналымы мен медициналық бұйымдар бойынша жеке және заңды тұлғалардан 85 шағым түсіп, оның ішінде 15 шағым бойынша денсаулық сақтау субъектілері болып табылатын нысандар тексерумен қамтылған.