ЖАҢА БАСТАУЫШ МЕКТЕП АШЫЛДЫ

407
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік не­гізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді.
Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 мил­лионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгінгі оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн. Толық білім беретін ауыл мек­теп­терін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көше бастауымыз керек», – деді.
Қазір елімізде білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ондағы басты мақсат – әр баланың сапалы, лайықты білім алуына барынша жағдай жасау. Мемлекет басшысының биылғы жолдауына сәйкес Қайнар ауылында есігін айқара ашқан «Дулат» бастауыш мектебінің пайда­лануға берілуі де соның бір көрінісі деуге болады.
Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Орал­баев Азат, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшы­сы Нұрабаева Шұға, аудандық салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Төлебаев Қайрат, Бөржар ауылының әкімі Құр­ым­бек Серғали, ардагер ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатыс­ты.
Жиында сөз алған Азат Әбдіғалиұлы бүгінгі ашылып жат­қан білім ұясының тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтатып, даңқын арттырып, бәсекеге қабілетті түлектер ұшыратын шаңыраққа айналуына тілектестігін білдірді.
Мұнан соң қонақтар мектеп ішін аралап, оқушылармен, ұстаздармен кездесті. Салтанатты рәсімге ерекше көңіл-күймен келген бүлдіршіндер де ән салып, өлең оқып, өнерлерін ортаға салды. Мектеп директоры Есімбетова Надира Тойболқызы келген қонақтарға білім ордасы туралы баяндады.
– Мектебіміз екі корпустан тұрады. 1-корпус білім алуға арналған. Бұл биыл салынып, іске қосылды. 2-корпуста бала­лар тамақтанады, үйірме жұмыстарына қатысады. Құр­лысы 2019 жылы аяқталған. Мектеп 250 балаға арналған. Қазір 156 бала білім алып жатыр. Алдағы уақытта ата-аналардан ұсыныс түсіп жатса, бала қабылдауға дайынбыз. Мектептің бар шығынын кәсіпкер Жанысбаев Пернебай өзі көтеруде.
Ақылы мектеп. Ең жоғарғы баға 18 мың теңгені құ­райды. Бұған білім алу, үш мезгіл тамақ, үйірме жұмыстары, қосымша сабақ, үй тапсырмасын орындату, баланы таң­ертең, кешке тасымалдау кіреді. Жақын маңда тұратын бала­лар тамақтану мен тасымалдау қызметін керек етпегендіктен тек білім алу ақысын төлейді, – деді мектеп басшысы .
Есімбетова Надира Тойболқызы Шымкент қаласының тумасы. Жезқазғандағы Байқоңыров атындағы универ­си­тетте қазақ тілі мен әдебиеті және шет тілі пәнінің мұғалімі мамандықтарын алған. Алғашқы еңбек жолын Жезқазған қаласында бағалау институтында бастаған. Одан кейін Астана қаласында мектеп-лицейде жұмыс істеген. Сонымен қатар 4 жылдай Білім және ғылым минстрлігінің бақылау бөлімінде сарапшы болған.
8 жылдай Шымкент қаласындағы физика және математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істеген тәжірибелі ұстаз екен.
Біз де жаңа үлгідегі мектептен білікті де білімді шәкірттер шыға берсін деген тілектестікте болдық.
Гүлмира ЕЛБАСИЕВА,
өз тілішіміз.