ҚАЗАҚТЫҢ МАҢДАЙЫНА БІТКЕН ДАРА ТҰЛҒА
Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінде палуан атаның өмірден озған күніне орай ұйымдастырылған еске алу іс-шарасы өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Оралбаев Азат, палуанның немересі, Қажымұқан атындағы қоғамдық қор президенті Қажымұқанов Нұрлан және қордың төрағалары Әубәкіров Сағынғали, Ибадуллаев Серік, палуанның немересі, каратэ спорты бойынша спорт шебері, Токио олимпиадасында қола медаль иеленген екі спортшының бапкері Қажымұқанов Шаттық және аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шарада Қажымұқан Мұңайтпасов туралы көптеген деректер және естеліктер айтылды.
Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған. 28 мемлекетте күреске түсіп, 56 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағанын да айтуға тиіспіз. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу — сол заманда нағыз ерлік еді. Ол кезде империяның буына семірген Ресей күресінің қожайындары қазақты шын мәнінде менсінбеуші еді. Қажымұқан сондай ортада намысын жатқа берген жоқ. Кеудесін ешкімге бастырмады. Күрес қожайындарының, төрешілердің сан мәрте әділетсіздігіне белі бүгілмеді, еңсесі түспеді.
Тарихи деректерге сүйенсек ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Сарытерек болысына қарасты Жәдік деген жерде дүниеге келген. Кейбір зерттеулерде оның 1883 жылы туғандығы айтылады. Қажымұқан кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдарға жалданған. Сөйте жүріп, күреске түсіп, той-томалақтарда елге көрініп, бала балуан деген атқа ие болған. Қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, батыр бабамыз — Қажымұқан 1948 жылы 77 жасында дүниеден озды.
Жиын соңында Созақ ауданынан Қажымұқанға етік тіккен Исаев Тікеннің ұлы Исаев Ғабит арнайы келді. Ол әкесі Тікеннің 1947 жылы палуанға етік тіккенде қолданған қорабын, етік пішінін сызған қағазын, етік жасауға арналған пышақтарын, етік өлшемін жасаған макеті сынды көптеген құнды жәдігерлерді мұражайға өткізді. Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінің директоры Раймбекова Гүлдария бұл жәдігерлер музейден орын алатынын жеткізіп, алғыс білдірді.
Жиын соңында Қажымұқан Мұңайтпасұлының рухына арнап Құран бағышталды.
Гүлмира ЕЛБАСИЕВА