ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 3 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНАМЕН ҚАМТЫЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде отбасы табысының түрлі деңгейлеріне сәйкес келетін бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді тапсырды. Яғни, Президент кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін шешуді, ал баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру керектігін айтқан болатын.
Бұл бағытта Шымкент қаласында жүйелі жұмыстар атқарылып, жыл басынан бері түрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында 3 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылған. Бұл жөнінде 9 айдың қорытындысы бойынша қала әкімімне есеп берген қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы А.Рысжанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жыл сайын кезекте тұрған азаматтарға пәтерлер белгіленген тәртіппен үлестіріліп келеді. Осы жылдың басынан тұрғын үй кезегінде тұрған 682 отбасы арендалық пәтермен қамтылған болса, жыл соңына дейін осы бағытта 294 отбасыға баспана беріледі.
Сонымен қатар, жыл басынан «Отбасы банк» арқылы «5-20-25»бағыты бойынша кредиттік тұрғын үймен 730 азамат қамтылған. Оның ішінде 261 азамат тұрғын үй кезегінде тіркелгендер.
Ал, «7-20-25» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласындағы екінші деңгейлі банктер арқылы жыл басынан бері 1362 азамат алғашқы тұрғын үйді нарықтан несие рәсімдеп сатып алған. Жыл соңына дейін кредиттік тұрғын үймен 4 413 отбасыны қамту жоспарлануда.
Бұдан бөлек, «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 158 отбасы несие негізінде тұрғын жаймен қамтылып, оның ішінде 73 отбасыға алғашқы жарнасының бір бөлігін жабуға тұрғын үй сертификаты берілді. Бұл жұмыстар жалғасын табуда.
Кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы жетпейтін азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен ағымдағы жылға 500 млн. теңгеге тұрғын үй сертификаттарын әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде беру қарастырылған. Бұл қызмет бойынша 902 өтінім қабылданса, оның ішінде 311 өтінім – 274 млн.теңгеге мақұлданған.