ТҮРКІСТАН: АНАЛАР КЕҢЕСІНДЕ ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

539

Түркістан қаласындағы «Басқармалар үйі» ғимаратының мәжіліс залында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Басқосуға Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшылары, облыстық, қалалық, аудандық Аналар кеңесінің төрайымдары мен облыстық этномәдени бірлестіктері жанындағы Аналар кеңесінің төрайымдары қатысты.

Жиынға Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамболова модераторлық етті.

– Аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Осы бағытта біз өздеріңізбен тоқсан сайын салиқалы жиын өткізіп, өзекті мәселелерді талқылап келеміз. Биылғы жоспарға сәйкес, ел Тәуелсіздігіне орай өтетін іс-шаралар, медиация, қайырымдылық, республикалық Аналар кеңесінің форумына қатысу және тағы басқа маңызды іс-шараларды өткізу қөзделіп отыр. Аталған шараларды бірлесіп нәтижелі өткіземіз деген ойдамын, – деді Д. Жамболова.

Отырыс барысында Түркістан облыстық ҚХА жанындағы аудандық, қалалық Аналар кеңесі төрайымдарының жылдық жұмыс жоспарлары талқыланды. Жиында Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы М. Ибрагимова «Жаңа Қазақстандағы Аналар кеңесінің орны» тақырыбында сөз қозғап, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар қоғамдағы аналардың рөлі мен жауапкершілігі және ұрпақ тәрбиесі төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамболова өңірдегі отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы жұмыстар жоспарға сай жүйелі жалғасатындығын жеткізді.