ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАР IT БОЙЫНША ЖАҢА БАҒДАРЛАМА ЖАСАУДЫ ҰСЫНДЫ

87

Жастар орталығы жастардың пікіріне құлақ түріп, жұмыс жоспарын студенттермен бірлесе құратын болады. Бұл туралы «Жастар ресурстық орталығының» жаңа басшысы Мағжан Шыңғысұлы Шымкент қаласындағы Әл‐Фараби кітапханасында қала жастарымен өткен кездесуде айтты.
–Жастар орталығының жол картасын жасақтап жатырмыз. Өркениеттің дамуына үлес қосатын жастарды не қызықтырады? Оларға қандай жағдай жасай аламыз? Студенттердің бос уақытын қалай тиімді пайдалануға болады? Осы сауалдарға жауапты бірге іздеп, жаңа жобаларды жүзеге асырамыз,‐ деді Мағжан Исахов.
Кездесуде IT саласына қызығушылық танытып жүрген жастар «фактчекинг» бағдарламасын жасауды ұсынды. Жалған ақпараттың арбауына түсіп қалмауда ақпараттың ақиқатын анықтайтын бағдарлама қоғам үшін пайдалы екенін айтты.
Жастармен өткен шараның басты мақсаты IT, өнер саласы бойынша тегін курстар ұйымдастыру арқылы студенттердің қарым‐қабілетін шыңдау. Олардың дамуына үлес қосу, сапалы білім беру, қолжетімді баспана бағыттары бойынша іс‐шаралар өтетін болады. «Жастар ресурстық орталығы» тегін курсқа Шымкент қаласының арнаулы, жоғарғы оқу орнының 1000‐ға жуық студенттерін қамтуды жоспарлап отыр.
Ақбөпе ЕРГЕШ