45 СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

766

Шымкентке «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 2021 жылы 403, биыл 413 квота бөлінген. Өткен жылы экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасымен 105 келіншек жүктілік бойынша есепке алынған. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева БАҚ өкілдеріне мәлімдеді.
Шымкент қаласы бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасы негізінде «Ecomed-Шымкент», «IRM-Шымкент» және «Доктор Тарарака» репродуктивтік орталықтары қызмет көрсетіп отыр. Бүгін БАҚ өкілдері «Репродуктивтік медицина институтының» («IRM-Шымкент») жұмысымен танысты.
— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылы Қазақстан халқына Жолдауында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастап, экстракорпоралды ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтуді тапсырған болатын. Бағдарламаны орындау барысында Шымкентке «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКҰ қызметіне 2021 жылы 403, биыл 413 квота бөлінген. Өткен жылы экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасымен 105 келіншек жүктілік бойынша есепке алынып, бүгінде оның 25-і сәбиін қолына алып үлгерді, — дейді Сәуле Сансызбайқызы.
Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі, қаланың штаттан тыс репродуктологы Г.Рысқұлбекованың айтуынша, «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысушы жұптардың басым бөлігі жергілікті, яғни Шымкенттегі репродуктивтік орталықтарды таңдап отыр.
— Бүгінде Шымкент қаласы бойынша тізімге 556 әйел тіркелген. Оларды кезегі келгенде қаладағы экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасымен жұмыс істейтін 3 орталықтың біріне жолдаймыз. Өткен жылы 586 әйел кезекте еді. Берілген 403 квота толығымен игеріліп, 105 әйел жүктілік бойынша есепке алынған болатын. Бүгінгі таңда 25 әйел босанып, 45 сәби дүние есігін ашты. Олардың арасында 16 егіз, 2 үшем бар. Ал, биылғы қаралған квотаның 98-і кезектегі жұптарға беріліп, алғашқы 3-еуі оң нәтиже көрсетіп отыр. Емделушілердің жергілікті орталықтарды таңдауы қуантып отыр. Бұл Шымкенттегі қызмет сапасының артқанын көрсетиеді, -дейді Гүлжан Садықбекқызы.
«Репродуктивтік медицина институтының» бөлім меңгерушісі- репродуктолог Ә.Есенғұлованың айтуынша, 1995 жылы іргетасы қаланған орталықтың Шымкенттегі бөлімшесі 2020 жылы ашылған.
— 2021 жылы біздің орталық 1000 жұпқа экстракорпоральді ұрықтандыру әдісімен көмек көрсетті. Оның ішінде «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы аясында 275 жұп қаралды. Оның 109-ы шымкенттік отбасылар. Сондай-ақ, бізге Түркістан, Қызылорда облыстары сынды жақын өңірлерден келіп қаралатындар да бар. Біздің орталықтың басты ерекшеліктерінің бірі, емделуші жұптардың ЭКҰ бағдарламасы сәтсіз аяқталған жағдайда қорда сақтаулы эмбриондары болса, араға 3 ай уақыт салып, қайта тегін ұрықтандырып береміз, — дейді Әсел Мұхаммедқазықызы.
«Шымкент келбеті» — Замира АЛДАБЕРГЕНОВА
Суреттерді түсірген Серік ҚОСАЕВ