ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАЛДАУ АҚЫСЫН СУБСИДИЯЛАУ ҚАҒИДАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Өтенбаев қала әкімдігінің «Инстаграм» парақшасындағы тікелей эфирде тұрғындар сауалына жауап берді. Басқарма басшысы тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау қағидаларын түсіндіріп, тұрғындарды баспанамен қамту бағытында атқарылған жұмыстардан хабардар етті.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 48 623 азамат тіркелген.
2022 жылы кезекте тіркелген азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту шараларының бірі ретінде Тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізу қарастырылуда. Тұрғын үйді жалға алу үшін төлемдер күнкөріс деңгейі төмен кезекте тұрған көпбалалы отбасылар, жетім балалар, 1,2 топ мүгедектері және мүгедек бала тәрбиелеуші отбасыларға беру қарастырылуда.
Шымкент қаласы бойынша бұл санатта 16 425 азамат тіркелген болса, оның ішінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, 8 841 азаматтың табысы күнкөріс деңгейінің 1 еселенген көрсеткішінен төмен.
Жалпы тұрғын үйді жалдау ақысын 50 % -ын мемлекет субсидиялайды, қалған 50 % — ын тұрғын өз бетінше төлейді. Төлемдерді тағайындау және жүзеге асыру мәселелері бойынша азаматтар аталған механизм іске қосылғаннан кейін «Отбасы банк» АҚ-ға жүгіне алады.
Тікелей эфир барысында тұрғындардан субсидиялау қағидалары, баспанамен қамту шаралары бойынша сауалдар қойылды. Басқарма басшысы тұрғындар сауалына жан-жақты жауап берді.
Дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі