ҚАЙНАРБҰЛАҚ ТҰРҒЫН АЛАБЫН ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТЫЛУЫ АЙТЫЛДЫ

201

Қайнарбұлақ тұрғын алабында ең өзекті мәселе – инжинерлік-инфрақұрылым. Бүгін қала әкімі Қаратау ауданы тұрғындарымен кездесуде Р.Мулкеманов осы аумақты инфрақұрылыммен қамту жұмысының барысын айтты.
Тұрғын алабтағы 1 540 үйдің 279-ы ғана ауыз су және сапалы электр жарығымен қамтылған. Қалған бөлігіне ауыз су тасымалданып, жарықты жекеменшік трансформатордан алады.
Ауыз су тарту үшін жобалау жұмысы аяқталып, қазіргі таңда сатып алу конкурсы өтуде. Құрылысы 2022-2023 жылдары жүргізіледі.
Мемлекеттік жүйедегі электр жарығын жеткізу мақсатында құрылыс 2021 жылы басталған болатын. Аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарланып отыр.
Ал, табиғи газбен қамту үшін «МПК проект» жобалаушы мекеме тарапынан ішкі жүйелердің жобасы жасалуда.
Қайнарбұлақта жалпы көше саны 47. Оның 3-і асфальтталған, 39 көшеде шағал тас, 5 топырақ жол. 2023 жылы16 көше (10,6 км), 2024 жылы 13 көше, 2025 жылы 15 көше жөнделіп, асфальт төселеді.
Бүгінде тұрғын алабта 1 әмбебап және 2 спорт алаңшасы бар. Биыл ойын алаңшасын салу үшін бос жерлерге зерделеу жұмыстары жүргізілуде.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фотоға түсірген Береке Сейітжаппар