БІР АЙДА 109 БІРЫҢҒАЙ ОРТАЛЫҒЫНА КЕЛІП ТҮСКЕН ӨТІНІШТЕРДІҢ 94 ПАЙЫЗЫ ОРЫНДАЛҒАН ЖӘНЕ ИЛЯЕВ КӨШЕСІНДЕ ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

386

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен бүгінгі аппараттық мәжілісте тұрғындар өтінішінің орындалу барысы талқыланды.

Мәжілісте «i-Shymkent» ситуациялық орталықтың басшысы А.Әміртаев сәуір айында тұрғындар тарапынан 109 бірыңғай байланыс нөмірініе келіп түскен өтініштер мен ұсыныстардың орындалу барысын баяндады.

Өткен айда барлығы 9967 арыз-шағым келіп түскен. Аталған өтініштердің 9407-і орындалған болса, 500-ден астам сауал қаралуда.

«Келіп түскен сауалдардың басым көпшілігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиесілі. Сәуір айына бұл саладағы өтініштердің 96 пайызына жауап берілген. Жалпы жыл басынан бері осы сала бойынша тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз-шағымдарды орындау нәтижесінде 4467 қоғамдық көлік мәселесі шешімін тауып, мәселелер 15 пайызға төмендеді. Сонымен бірге заңсыз орнатылған 47 жарнама алынып, 157 жол белгілері қойылып, жолақтар сызылды. 84 көшеге асфальт төселініп, ойық жерлер қалпына келтірілді»,-А. Әміртаев.

Жиында қала басшысы аталған орталық халықпен кері байланыс орнатудың тиімді құралы екенін айтып, кез-келген өтінішке дер кезінде жауап беруді және сол шағым бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тапсырды.

Қаладағы Ғ.Иляев көшесі – көлік ағынының қарқындылығына байланысты магистралды көшелердің бірі саналады. Ғ.Иляев көшесінде, қазіргі уақытта Сасбұқаев көшесінен Бейбітшілік көшесіне дейінгі аралықта, жалпы ұзындығы 2,7 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жобаға сәйкес, аумаққа асфальт-бетон қабатын фрезалау, тегістеу және қиыршық тас төсеу қаралған.
Сонымен қатар, көше бойында ені 2 метрлік жаяу жүргінші жолы және Қонаев даңғылынан Бейбітшілік көшесіне дейін 1,5 метрлік веложол салу жоспарланған.
Ғ.Иляев көшесінің құрылыс жұмыстары «Корпорация Береке – А» ЖШС тарапынан атқарылуда. Техникалық қадағалаушы – «Tech Build» ЖШС-гі.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі